Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кеңес өткізді. Онда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен ауруханалардағы тәртіп мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.
Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі басты назарда болу керек екенін атап өтті:
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау қажет. Ақ халаттыларға жасалатын кез келген шабуылға заң аясында қатаң тосқауыл қойылуы тиіс. Осыған байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктеріне 10 күн ішінде медицина қызметкерлеріне қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолданғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікке байланысты заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті қойылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелер мен өзге де медицина қызметкерлеріне жасалған 170-тен астам шабуыл тіркелген.
Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі уақытта бірқатар заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Оның ішінде медицина қызметкерлеріне шабуылды құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасалған шабуылмен теңестіру, ауруханаларда кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу, смарт-бейнежетондар мен тәулік бойы полиция бекеттерін орналастыру мәселелері қарастырылуда.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, қазір перзентханалар мен қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы полиция бекеттері қойылған. Жалпы 115 денсаулық сақтау нысаны күзетке алынған. Жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында полиция патрульдерінің бағыттары аталған мекемелерге жақындатылған. Қауіпсіздік бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік танытқандарға қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл бағытта заңнамаға өзгерістер енгізіп, оны азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен Парламентте талқылауды тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!