- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Премьер-министр Қостанай облысы...
Премьер-министр Қостанай облысы әкімдігінің кемшіліктерін айтты
Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Премьер-министр жақында Қостанай облысында болған орман өрттері жергілікті тұрғындар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіргенін, адам өліміне әкелгенін атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов орман шаруашылығы төңірегінде құтқару жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
"Тікұшақ техникасының жақын жерден су алып, өртті сөндіруін жеңілдету мақсатында орман алқаптарының жанындағы су қоймаларының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Біз тікұшақтар паркін үш есе ұлғайту үшін қосымша суқашыртқы құрылғыларды сатып аламыз, оларды өрт сөндіру үшін пайдалануға болады. Бұл Қостанай облысын қоса алғанда, барлық өңірге қатысты", - деді Әлихан Смайылов.
Кеңес барысында премьер-министр өңір әкімдігінің білім беру саласындағы кемшіліктеріне де назар аударды. Әлихан Смайылов өңірдің 7 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімінің кешіктірілгенін, соның салдарынан балалар бейімделмеген жерлерде (балабақшалар, мәдениет үйлері, ауыл әкімдіктерінің ғимараттары) оқуға мәжбүр екенін атап өтті.
"Бұл проблеманы шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажет. Жалпы білім беру саласына жауапкершілікпен қарау керек, өйткені балаларға оқу үшін тиісті жағдайлар жасалуы тиіс", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова