Премьер-министр Олжас Бектенов сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қазақстандық тауарларды шетелде белсенді ілгерілетуге шақырды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында сөз болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сауда көлемі 61 триллион теңгеге жеткен, бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда шамамен 16 пайызға артық. Көтерме сауда 16 пайыздан асқан, ал бөлшек сауда 15 пайызға өскен.
"Негізгі өсімді, яғни тауар айналымының 70 пайыздан астамын он тауар қамтамасыз етті. Оның басым бөлігі - өңделген тауарлар, яғни көліктер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары", - деді шенеунік.
Министр сегіз ай ішінде тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорты 17 пайыздан асып, 28 миллиард доллар болғанын айтты. Тауарлар экспорты 18 пайыздан асып, 21,5 миллиард доллар болған.
Дегенмен премьер-министр сауда министрін жұмысты жандандыруға шақырды.
"Сыртқы нарықтарға белсендірек шығу керек. Біздің ішкі нарығымыздың көлемі онша үлкен емес, сондықтан жұмысты белсенді жүргізу қажет", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз