Премьер-министр Бектенов әкімшілік амнистияны дайындау мерзімін белгіледі

Премьер-министр Бектенов әкімшілік амнистияны дайындау мерзімін белгіледі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент жаңа Конституция қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы бастама көтергенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кеше Президент жаңа Конституция қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы бастама ел тарихында алғаш рет көтеріліп отыр. Ішкі істер және Әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде рақымшылық жасау тетіктері бойынша ұсыныс енгізсін", - деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Еске салайық, бұған дейін Президент әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын жариялады. 

"Былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам", - деді Тоқаев бұған дейін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget