- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Прагматизмді дамытуға арналған...
Прагматизмді дамытуға арналған "Үнем – қоғам қуаты" жобасы іске қосылды
Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға бағытталған бірнеше концепция мен бағыт-бағдар бар. Соның ішіндегі "Прагматизм" бөлімі қазақстандықтар үшін, қоғамның өмір салты үшін аса маңызды саналады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осыған байланысты "Үнем – қоғам қуаты" атты арнайы жобаны іске қосты. Оның негізгі мақсаты – қазақстандықтардың бойында прагматизм дағдыларын дамыту.
"Үнем – қоғам қуаты" арнайы жобасының аясында қазақстандық жастар арасында биік талғамды қалыптастыруға, қоғамдық мінез-құлық нормаларын дамытуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірнеше іс-шаралар, қоғамдық маңызы бар жұмыстар жоспарланған.
Арнайы жобаның негізгі қағидасы – қоғамдағы әр деңгейлі ресурстарды орнымен тұтынып, бөлуді мақсат тұтқан прагматикалық өмір салтын Қазақстан халқына дарыту, оның негізгі артықшылықтарын түсіндіру. Осы ретте министрлік мынадай міндеттерді шешуді көздеп отыр:
1) прагматизм деген ұғымды, сол туралы түсінікті кеңейту;
2) даму қажеттігін және өмірге ұтымды көзқарасты тұрақты түсінуді қалыптастыру;
3) мінез-құлық трендтерін қалыптастыру;
4) бағыт шеңберінде прагматикалық дағдыларды дамыту үшін жағдай жасау.
"Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді", - деп көрсетеді "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев. Осы үдеден шығуды көздейтін бұл арнайы жобаның мақсатты аудиториясы – жалпы білім беретін мектеп оқушылары, "Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының" оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, Қазақстан халқының экономикалық белсенді бөлігі. Аудиторияға жобадағы құндылықтарды дарытып, насихаттау үшін жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, жеке тұлғалық өсу орталықтары, кәсіпкерлер атсалысады деп күтіледі.
Елбасы мақаласында айтылғандай: қазіргі уақыт ағынына қарасақ, радикал идеологиялар дәуірі келмеске кетіп, оның орнына жаңа құндылықтар келіп жатыр. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.
Осы мақсатта ақпараттық жұмыс жүргізіледі: бейнероликтер, подкасттар, графикалық және мәтіндік материалдар көмегімен прагматикалық мінез-құлық, ұтымды дағдылар тақырыбына БАҚ-та және әлеуметтік желілерде контентті жасау және белсенді жылжыту. Жоба контентінің бірізді ресурсы ретінде Ruh.kz порталы пайдаланылады. Сонымен бірге NUDGE технологиясын қолдана отырып, әлеуметтік желілерде іс жүзінде өмір сүруге шақыратын ұлттық дәстүрлерді ілгерілетуге, өмірде табысқа жеткен прагматиктер тұлғаларын танымал етуге, лайфхак форматындағы ұтымды дағдылардың практикалық пайдасын көрсетуге (мысалы, коммуналдық қызметтер үшін шотты азайту, қаржыны сауатты бөлуден түскен инвестициялық пайда), салауатты өмір салтын жүргізу үшін жағдай жасауға қатысты шаралар жасалмақ. Жобада прагматикалық өмір салтының маңызын түсіндіріп, қоғамға қаншалықты керек екенін көрсетіп, трендтер арқылы танымал блогерлерді тарту көзделген.
Жоба аясындағы маңызды бағыттың бірі – мектеп бағдарламасына прагматикалық дағдыларды дамытуға арналған тайм-менеджмент, сыни ойлау, құқықтық және қаржылық сауаттылық сияқты арнайы пәндерді енгізу, сонымен бірге әр адам өзіне және өз мамандығына арналған өзектілігіне сәйкес ұтымды дағдыларды қалыптастыруға еркін қол жеткізе алуы үшін OpenU.kz ашық университет жобасы негізінде дәрістер мен оқыту тренингтерін құру жоспарланған.
"Үнем – қоғам қуаты" жобасында әлеуметтік мінез-құлықтың өзгеруі, қазақстандықтардың рационалды әдеттерін қалыптастыру, бағдарлама құндылықтарының ашық практикалық мысалдар мен танымал тұлғалар арқылы таралуы кезіндегі тізбекті реакция сияқты нәтижелер күтіледі.
Осыған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 97 тармаққа бөлінген жоспар жасалғанын мәлімдеген еді. Министр сөзінше, қазіргі уақытта аталған бағдарлама негізінде 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Осыған сай атқарылуы тиіс іс-шаралар мынадай 3 бағытқа бөлінген: тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту.
"Министрлік "Еңбек – елдің мұраты", "Құқықтық мәдениет", "Үнем – қоғам қуаты", "Дәстүр мен ғұрып" атты 4 арнайы жобаны ұсынып отыр. Осылардың әрбіріне жеке концепция жасалған, бұл жобалардың басты идеясы – тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғамды қалыптастыру", - дейді Аида Балаева.
Massaget