- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пойыздағы жолаушының өлімі:...
Пойыздағы жолаушының өлімі: көлік министрі түсінік берді
Көлік министрі Марат Қарабаев Өскемен-Алматы бағытындағы жолаушының өлімінен соң Қазақстанда тозған вагондарды жаңарту жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі "Еліміздегі жолаушылар тасымалындағы өзекті мәселенің бірі - лас, ауасы тар тозған вагондар. Биыл Өскемен - Алматы бағытындағы пойызда ер адам көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, вагонда ауа тар болған, кондиционер дұрыс жұмыс істемеген. Сізді жағдайды дұрыс істеу үшін не істедіңіз? Қашан вагондар жолаушыларға ыңғайлы болады?" деп сұрақ қойды.
Министр кейбір вагондарда кондиционер жоғын мойындады.
"Қазақстанда жалпы 2 667 вагон бар. Соңғы бірнеше жылда 600 вагон қолданыстан шығарылды, 300 вагон алынды. Осыны ескерсек, бізде вагондар жетіспей жатыр. Осы 2 667 вагон паркінің 74 пайызы, яғни 1 857 вагонында кондиционер бар. Өкінішке қарай, пойыздың 26 пайызы (кондиционермен) жабдықталмаған", - деді ол.
Марат Қарабаев жолаушылар вагон біртіндеп жаңартылатынын айтты.
"Өткен жылдары 50-100 вагон сатып алсақ, былтыр 118 жаңа вагон сатып алдық. Биыл қосымша 140 вагон пайдалануға беріледі, келесі жылы 224 вагон сатып алынады. 2025 жылдан бастап жыл сайын жалпы 200-ден аса сатып вагон паркін аламыз. Осылайша, алдағы 5 жылда 1200 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл ескі вагондарды алмастыруға мүмкіндік береді. Министрлік пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық оператор тарапынан осындай жұмыстар істеліп жатыр", - деді министр.
Оның сөзіне сенсек, вагондар тұрақты түрде тексеріледі.
"Биыл 62 маршрут мемлекет тарапынан субсидияланса, оның ішінде 20 маршрутқа біздің инспекция тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 200-ден заңбұзушылық анықталып, 10 млн теңге айыппұл салынды", - деді Марат Қарабаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен