Пойызда ішімдік ішкен жолаушылар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Түркістан-Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде екі құқықбұзушыны ұстады. Олар Түркістан облысының 21 және 22 жастағы екі тұрғыны болып шықты.
Ішімдікке сылқия тойып алған екі ер адам вагондардың бірінде темекі шегіп, пойыз бригадасының ескертулеріне құлақ аспаған.
"Құқықбұзушылар ішімдік ішкені, қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, темекі шегуге салынған тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 20 АЕК айыппұл салынды", - деді көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.
Айта кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 6360, ал темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 2234 құқықбұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстанда пойызда не істеуге болмайтыны туралы жаздық.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!