13 мамырда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ел ішінде жолаушылар пойыздарының жүруін қайта бастау туралы шешім қабылданды.
Жолаушылар пойыздары халықтың сұранысын ескере отырып, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап кезең-кезеңмен және өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзеге асырыла бастайды. Ал ертеңнен бастап билеттер сатылымға шығады.
Темір жол рейстері кезінде жолаушыларға пойызға отыру бойынша талаптар қойылмайды. Жолаушылар билеттегі орны бойынша отыра береді. Бұл туралы Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.
- Жолаушылар пойызына билеттер сонда көрсетілген орынға байланысты отырғызылады. Шектеулер қою секілді қосымша талаптар болмайды. Плацкартта да, купеде де солай болады. Темір жол рейстері кезінде бәрін жолсерік бақылап отыруы керек, - деді Байғабылов брифингте.
Оның айтуынша, жолаушыларға әдеттегідей пойызға тамақ алып баруға тыйым салынбайды.
- Бұған дейін әуе қатынастарында бортта тамақтануға рұқсат берілген болатын. Сол секілді пойызда да тұрғындар өзімен бірге тамақ алып келуіне болады. Тамаққа қатысты қосымша талаптар болмайды, - деді ол.
Сәдуақас Байғабыловтың сөзінше, пойызбен қатынау кезінде жолаушыларды вокзалда шығарып салуға тыйым салынады.
Бастапқы кезеңде 54 пойыз іске қосылады, оның ішінде: - Нұр-Сұлтан – Алматы, Маңғыстау, Өскемен, Сарыағаш, Семей, Арқалық, Павлодар, Петропавл/Қызыл Ту, Орал, Жезқазған, Қызылорда;
- Алматы – Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазған, Урлальск, Петропавл;
- Қызылорда – Семей;
- Қостанай – Қарағанды, Арқалық, Алматы;
- Қарағанды – Жезқазған;
- Қызылорда – Көкшетау, Петропавл және қала маңы қатынастары бағыттары бойынша.
Жолаушыларды және пойыз бригадасын барынша қорғау үшін тасымалдау Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің ұсынымдарына сәйкес, сондай-ақ келесі шараларды сақтай отырып жүзеге асырылатын болады:
1) дене температурасын өлшей отырып, пойыз бригадалары қызметкерлерін рейс алдындағы медициналық тексеру;
2) жолсеріктердің және жолаушылардың жол жүру жолында міндетті түрде бетперделермен болуы;
3) отырғызу және түсіру кезінде қашықтықты сақтау;
4) жүру жолында вагондардың ішінде ылғалды тазалау жүргізу мерзімділігін арттыру және қалыптастыру пункттерінде дезинфекциялау;
5) жолаушылардың пойыз құрамы вагондарының арасында жүруіне және объективті себептерсіз купеден шығуына тыйым салу.