Пойыз машинисі киіктерді жолдан өткізгені үшін жұмыстан қуылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы видео TikTok әлеуметтік желісінде тарады.
"Тұрып өткіздім, айыппұл төледім, жұмыстан да шығарды. Бір жақсылығы қайтар", - деп жазды автор.
Видеоның қай өңірде, қашан түсірілгені туралы мәлімет айтылмаған.
@www.gbba♬ оригинальный звук - ☪️ Ақын Сәулет Төретай ☪️
Massaget.kz тілшісі видеоға қатысты "Қазақстан теміржол" ұлттық компаниясынан түсінік сұрады. Баспасөз қызметі өкілі пойыз машинисінің жұмыстан шығарылғаны туралы ақпаратты растамады.
"Локомотив бригадасының әрекеті дұрыс болды. Бұл локомотив бригадасы әдеттегідей жұмысын жалғастырып жатыр", - деп хабарлады компания.
Компания мәліметінше, биыл жыл басынан бері мал қағып кетудің алдын алу үшін ҚТЖ локомотив бригадалары 2 мыңнан аса жедел тежеуді қолданған. Көп оқиға Атырау, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында тіркелген.
"Мал теміржолға шығып кетпеуі үшін теміржолшылар жергілікті тұрғындармен алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Биыл теміржол маңында мал жаюға жол бермеу мақсатында 1400 жиналыс өтіп, шамамен 34 мың адам қамтылды. Теміржолды кесіп өту, мал жаю ережелерімен 54 мыңнан аса адам танысты", - деп жазылған "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!