- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пойыз билеті қымбаттады....
Пойыз билеті қымбаттады. Ал қызмет сапасы артты ма?
Жақында елімізде пойыздағы жолаушылар билеті қымбаттады. Ал саладағы қызмет сапасы қаншалықты жақсарды? Massaget.kz тілшісі бұл сұраққа қатысты "Қазақстан теміржолы" Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының ресми жауабын алды.
Биыл жыл басынан бері пойыздардағы қызмет көрсету сапасына қатысты барлығы 1 617 өтініш тіркелген. Оның ішінде ұлттық тасымалдаушының жұмысына қатысты 427 негативті пікір бар. Акционерлік қоғам жолаушылар көбінесе жекеменшік тасымалдаушылардың пойыздарындағы жағдайға, қызмет көрсету және сервис деңгейіне, билеттердің жетіспеушілігіне, вагондардағы ауа баптағыштың жұмыс істемеуіне, пойыздардың кешігіп келуі-жетуіне, вагондардың ескі болуына қатысты шағым түсіретінін хабарлады.
Ұлттық тасымалдаушының қанша қызметкері бар?
Бүгінде компанияда 4,8 мыңнан астам пойыз бригада қызметкері жұмыс істейді, олардың қатарында 4 710 жолсерік пен 183 пойыз басшысы бар.
"Жолсеріктер өз міндеттерін адал атқарып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Алайда кейде қызмет сапасына қатысты шағым түсіп жатады. Әрбір осындай шағым бойынша мұқият тексеріс жүргізіледі. Жолсерік пен жолаушы арасында қандай жағдай болғанына байланысты, егер жолсеріктің кінәсі анықталса, ол тәртіптік жаза немесе ескерту алады. Ал егер шағым күрделі болса және жолсеріктің әрекеті еңбек заңнамасына қайшы келсе, онда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес онымен еңбек келісімі бұзылады. Мұндай шаралар қызмет сапасын арттыру және болашақта осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін қолданылады", - делінген ресми жауапта.
Былтырдан бері компания қызметкерлерімен пойыздарда өткізілген рейд барысында жолаушылар мен жолсерікке қатысты жалпы 175 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде 144 жолаушының билетсіз жол жүрген 78 жағдайы кездесті. Қызметтік тексеру барысында 65 пойыз бригадасының қызметкерлері жұмыстан шығарылған.
Жолаушыларды төсек-орын жабдығын өткізуге міндеттеу заңды ма?
"Жолсерік вагондағы жолаушыларға төсек-орын жабдығын жеткізіп береді. Жолаушы станцияға келгенге 30 минут қалғанға дейін төсек-орын жабдықтарын өз орнына жинап қою керек. Бірақ жолсерікке төсек жабдығын өткізуге міндетті емес. Төсекті жинау жолсеріктердің жауапкершілігіне кіреді және бұл қызметтің барлық түріндегі вагонда, пойыздың санатына қарамастан, жүзеге асырылады. Бүгінде жолаушылар әдеттегідей, төсек-орын жабдығын жолсеріктерге өз еркімен тапсырады. Жолсеріктің жасы үлкен болғанына немесе жолаушылардың көптігіне байланысты, олар жолсеріктерге көмек көрсетіп, төсек-орын жабдығын өздері апарып береді", - делінген ресми жауапта.
Егер жолаушылар жолсеріктің төсек-орын жабдығын тапсыруды талап еткені туралы шағым түсірсе, компания осы деректі тексеріп, жолсерікке тиісті шара қабылдайтыны айтылды.
Жыл басынан бері қанша пойыз кешігіп келді?
Сонымен қатар кейінгі кездері жолаушылар пойыздың кешігетініне қатысты жиі шағымданып жүр. Дегенмен "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы пойыз рейстері белгіленген кестені 90 пайызға орындайтынын алға тартты.
"2023 жылы және 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында жолаушылар пойыздарының жүру кестесі шамамен 90 пайызға орындалды. Инфрақұрылымды жаңарту және жөндеу жұмыстарының жоспарлы өткізілуі пойыздардың қозғалыс кестесіне әсер етіп, уақытша жылдамдық шектеулерін талап етеді. Одан бөлек, ауа райының қолайсыздығына байланысты кешігулер орын алуы мүмкін", - делінген жауапта.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә