- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Pop MMA әлемінде...
Pop MMA әлемінде топ жарған қазақстандықтар
Қазір жалаң қолмен жұдырықтасу лигалары қарқынды дамып жатыр. Көрермендері де көп, әр ивентін миллионнан аса адам тамашалайды. Онда қазақстандық спортшылар да бар. Massaget.kz тілшісі жалаң қолмен жұдырықтасу лигаларында жүрген қазақстандықтар туралы топтама жасады.
Еркебұлан Тоқтар
Қазір жекпе-жек өнерінде актер Еркебұлан Тоқтардың аты шарықтап тұр. "Замандастар" сериалы арқылы жұлдыз болған, биыл "Бишарашки" фильміне түсті.
Еркебұлан былтырдан бері ММА-де өнер көрсетіп жүр. Бүгінге дейін алты жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңген, қалған екеуінде жеңілген.
Ал биыл 26 жастағы Еркебұлан жалаң қолмен жұдырықтасу лигасында дебютін өткізді. Тамызда Nomad Fighting промоушенінің турниріне қатысты. Онда отандасы Анвар Икрамовпен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Еркебұлан қарсыласын екінші және үшінші раундта нокдаунға түсірген.
Әділжан Сәндібеков
Қазір жалаң қолмен жұдырықтасуда тағы бір танымал қазақстандық Әділжан Сәндібеков бар. 21 жастағы спортшы украиналық Mahatch FC промоушенінде бір жекпе-жек өткізіп, тең түскен. Бүгінде танымал ресейлік Top Dog лигасында жұдырықтасып жүр.
Әділжанның лақап аты - "Брюс Ли" және "Адос". Бүгінде Top Dog лигасындағы жалғыз қазақстандық саналады. Онда алты жекпе-жек өткізіп, үш рет жеңген, екі мәрте жеңіліп қалған, тағы біреуінде қарсыласымен тең түсіпті.
Таяуда ғана "Адос" Сочиде жартылай орта салмақта Top Dog чемпионы титулына таласқан. Қарсыласы қазіргі чемпион ресейлік Денис Погодин болды. Бес раундтың қорытындысы бойынша ресейлік спортшы жеңіске жетті.
Бағдат Дүйсембаев
Жалаң қолмен жұдырықтасуда қазақстандық 30 жастағы Бағдат Дүйсембаев та танымал. Басында Ресейде құрылысшы болып жұмыс істеген. Кейін спорттағы карьерасын бастады.
Оны жанкүйерлер "Қазақ" деп атап кеткен. Басында ол Top Dog лигасында өнер көрсетті. Онда екі рет жеңіп, екі рет жеңіліп, бір мәрте тең түсті.
Былтыр бұл лигадан кетіп, поп-ММА-дегі Hardcore лигасына ауысты. Поп-ММА-де нәтижесі әзірше нашар - үш кездесуде де жеңіліп қалған.
Биыл жыл басында Желіні Дүйсембаевқа алты рет оқ атылғаны туралы ақпарат дүр сілкіндірді. Ақпанда Мәскеуде ол достарымен спорт клубына келіп, абонемент алмақ болған. Сол кезде күзетшілермен жанжалдасып, артынша бір күзетші Дүйсембаевқа алты рет оқ атқан болатын.
"Қазақ" содан бері әлі жекпе-жек өткізген жоқ.
Саят Қасембаев
30 жастағы қарағандылық Саят Қасембаев жалаң қолмен жұдырықтасуға енді аяқ басып жатыр. Қазір ол украиналық Mahatch FC лигасында өнер көрсетіп жүр. Әзірше екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де қарсыласынан басым түскен.
Саяттың негізгі спорт түрі - кикбоксинг. Былтыр қазанда дебютін өткізіп, Леонид Горенконы жеңген. Ал биыл қаңтарда "Киев әзәзілі" деген лақап атпен өнер көрсететін Константин Тимошенкодан техникалық нокаутпен басым түскен.
Бірақ сол қаңтардан бері Саят жекпе-жекке шыққан жоқ. Себебі Украинада ақпанда басталған соғысқа байланысты Mahatch промоушені турнир өткізуді тоқтатқан.
Рафаиль Аббасов
Ақтөбелік Рафаиль Аббасов та былтыр Mahatch лигасында дебютін өткізген. Екі айда үш жекпе-жек өткізген "Метис" бәрін де жеңіспен аяқтаған.
Сөйтіп, биыл ақпанда Аббасов жартылай орта салмақта Mahatch титулын сарапқа салды. Қарсыласы украиналық Сергей Алпысбаев болды. Бес раунд қорытындысы бойынша, Аббасов титул иеленген болатын.
Бірақ бұл кездесудің видеосы лиганың YouTube-арнасында жарияланған жоқ.
Ал бұл оның былтыр желтоқсанда украиналық Виталий Коваленконы техникалық нокаутпен жеңген видеосы.
Айта кетейік, поп-ММА-де Арман Әшімов пен Мұратбек Қасымбай да өнер көрсетіп жүр. Әшімов осы Mahatch промоушенінде былтыр жекпе-жек өткізген. Ал биыл қазақстандық Nomad Fighting Championship лигасында өнер көрсетті.
Мұратбек Қасымбай жалаң қолмен жұдырықтаспайды, поп-ММА лигаларында жекпе-жек өткізіп жүр. 2020 жылы ол Мохаммад Хейбатиден жеңіліп қалғанда көбі "Мұратбектің жеңілісі әділетсіз болды" дескен еді. Содан бері Қасымбай төрт қарсыласын жеңіп, тек былтыр қарашада Эмиль Новрузовқа есе жіберген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш