Полицияға пара бермек болған жүргізуші қамауға алынды

Полицияға пара бермек болған жүргізуші қамауға алынды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбеде мас жүргізуші патрульдік полиция қызметкеріне пара беруге тырысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 27 қарашаға қараған түні Ақтөбе қаласында болған. Патрульдік полиция инспекторы қызмет барысында Hyundai Elantra көлігін тоқтатып, жүргізушіден алкогольдің өткір иісін байқаған.

Полицей оны медициналық тексеруден өткізу үшін жіберді.

"Тексеріс нәтижелері полицейдің болжамдары расталды. Мас күйінде көлік жүргізген 52 жастағы жүргізуші құжаттарды рәсімдеу кезінде әкімшілік хаттама толтырмауды сұрап, инспекторға 10 000 теңге пара ұсынған. Полиция қызметкері дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырды", - деп жазылған хабарламада.

Пара ұсынғаны үшін жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақ ретінде пара тәркіленіп, көлік коммуналдық тұраққа қойылды, ал жүргізуші қамауға алынды.

Енді ақтөбелік тек мас күйінде көлік жүргізгені үшін ғана емес, лауазымды тұлғаға пара беру әрекеті үшін де жауап береді. Оған мүлкі тәркіленіп, параның жиырма еседен отыз есеге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова