Полиция үш күнде 2400-ден аса жасөспірімді ұстады

Қазақстан полициясы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық шаралардың қорытындысын жариялады. 1-3 шілде аралығында рейдтер Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Абай және Ұлытау облыстарында өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шараларға 3 мыңға жуық полицей жұмылдырылды.

Полицияға 2400-ден аса кәмелетке толмаған бала жеткізілді, оның 1500-ден астамы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін, сондай-ақ, қараусыз және панасыз жүрген 1000 бала ұсталды.

4000-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 257 ата-ана бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды; 1500-ге жуық ата-ана кәмелетке толмағандардың түнде көшеде және ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін жазаланды.

Полиция мұндай алдын алу шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұратынын хабарлады.

"Құрметті ата-аналар! Бала қауіпсіздігі — ең алдымен, отбасының жауапкершілігі. Жазғы демалыс кезінде балаларыңыздың бос уақытына ерекше көңіл бөлуді, олардың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін қадағалауды сұраймыз", — деп үндеу тастады ІІМ өкілдері.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!