Полиция Шерзат Болаттың марқұм ағасының көлігіне қатысты видеоға түсінік берді

Алматы облысының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған Шерзат Болаттың марқұм болған ағасының көлігінің видеосына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған видеода автор марқұмның көлігін көрсетіп, былай дейді:

"Нұрболат бауырым қайтыс болды осы жерде. Жедел топ көлікті орнынан заңсыз қозғалтып, бізге ештеңе көрсетпей, алып бара жатқан жерінен тоқтатып алдық".

@agerkee_19 #зашерзат #нурик #нұрқанат ♬ оригинальный звук - Karjaubay_sherzat_nurik💔

Алматы облыстық полиция департаменті бұған қатысты түсінік берді.

"Автокөлікті марқұмның мәйіті табылған жерден алыс емес жерде 30 жастағы азаматтың туыстары анықтады. Полиция қызметкерлері хабарламаны алғаннан кейін бірден оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары заңда белгіленген тәртіппен қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, оның ішінде көлік құралын жан-жақты тексерді. Тексеруден кейін көлік жақын туыстарына берілді", - деп хабарлады полиция департаменті.

Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтып, тергеу барысы туралы ақпарат жаңа деректер пайда болған кезде берілетініне уәде етті.

Тәртіп сақшылары сонымен бірге азаматтарға тек ресми дереккөздерге сенуді және жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті.  

Еске салайық, бүгін, 9 желтоқсан күні таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылған еді. Ақпаратты Алматы облыстық полиция департаменті растады. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған.

Марқұм қайтыс болар алдында хат жазып кеткен. Хат мәтінін полиция жариялады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!