- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- полиция есірткі
Полиция полковнигінің ұлы есірткі қылмысы үшін сотталды
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында есірткі қылмысына қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қандай айып тағылды?
Сот мәліметінше, 2024 жылғы 21 қазанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1,3,5-тармақтарымен айыпталған А-ға қатысты, яғни адамдармен алдын ала сөз байласып, аса iрi мөлшердегі психотроп заттарды электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы заңсыз өткізу мақсатында сақтау дерегімен сотқа берілген қылмыстық іс қаралды.
Айыптаушы қанша жыл сұрады?
Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. А. мен оның қорғаушылары ақтауды сұрады. Іс бойынша А-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін не ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот шешімі
Алқабилердің кесімімен А. кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сотталушы кім?
Lada.kz мәліметінше, 10 жылға бас бостандығынан айырылған адам - Батыс Қазақстан облысы полиция бастығының орынбасары Талғат Арыновтың ұлы Нұржан Арынов.
Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы полиция полковнигінің ұлы Telegram мессенджері арқылы психотроп заттарды таратуға тырысқаны белгілі болды.
Бұл іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. 2024 жылы 15 мамырда Нұржан Арыновқа ақтау үкімі шығарылды.
Прокуратура істе толық дәлел, екі куәгердің айғақтары және сотталушының кінәсін растайтын тергеу әрекеттерінің басқа хаттамалары жиналғанын хабарлады. Шілдеде сот алқасы облыс прокуратурасының өтінішін қарады. Осылайша, алқабилер сотының ақтау үкімін жойды. Іс қайта қарауға жіберілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова