Полиция пара бермек болған қазақстандықтың үстінен қылмыстық іс қозғады
Полиция қызметкерлеріне пара беруге тырысқаны үшін ақмолалыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші жолдағы уақытша тосқауылдан кедергісіз өткісі келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 25 қараша күні таңертең Целиноград ауданында Екатеринбург - Алматы республикалық автожолының учаскесіндегі уақытша блокбекетінде болды.
SHACMAN жүк көлігінің жүргізушісі Зеренді ауданының полиция бөлімінің инспекторына 20 мың теңге ұсынғаны анықталды. Пара беру туралы қызметкер дереу блокбекетке жауапты - Целиноград аудандық полиция бөлімінің жедел уәкіліне хабарлады.
Мән-жайларды анықтаған кезде заңбұзушы өзінің заңсыз әрекеттерін жалғастырып, үстелге ақшалай қаражат қойған. Полицейлер ақмолалыққа мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын бірнеше рет ескерткенімен, алайда күдікті өз дегеніне көндіргісі келген.
"Полиция қызметкерлері оқиға туралы басшылыққа дереу хабарлап, жедел-тергеу тобын шақырды. Пара беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, ақша купюралары тәркіленді. Қатысушының айғақтарына сәйкес ол жол тосқауылынан кедергісіз өтіп, арнайы техниканы өткізгісі келді", - деп хабарлады полиция.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан