Полиция Оңтүстік Корея президентіне қарсы тергеуді бастады

Полиция Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ельге мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі оңтүстіккореялық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Мәліметке сүйенсек, айыпталушылар қатарында президент Юн Сок Ель, бұрынғы министр Ким Ен Хен, армия штабының бастығы Пак Ан Су, Сеул қалалық полиция басқармасының комиссары Ким Бон Сик және аты аталмаған сарбаздар, полиция қызметкерлері бар.

"Президент Юнға қатысты екі шағымды, соның ішінде сатқындық туралы айыптауларды Ұлттық қауіпсіздік тергеу департаментіне жібердік", - деді Ұлттық тергеу штабының өкілі.

"Отан" инновациялар партиясы да президент пен бұрынғы ұлттық қорғаныс министріне қарсы шағым түсірген.

Азаматтық қоғам топтарының 59 белсендісі, соның ішінде Корея кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Ян Кен Су да "Демократиялық қоғам үшін заңгерлер" ұйымы арқылы шағым түсірді.

Шағымдарда көтеріліс, бүлік, билікті асыра пайдалану, тұтқындауға итермелеу, құқықтарды жүзеге асыруға кедергі жасау және Ұлттық ассамблея отырыстарына кедергі жасау сияқты бес айыптау келтірілген.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады. Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея президентінің аппараты отставкаға кететінін мәлімдеді.

Ал Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық барын айтты.

Кейінірек Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі де отставкаға кететінін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің 5 желтоқсанға жоспарланған келіссөзі өткізілмеді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!