Осы аптада елімізде "мектеп бітіру кештері" өткізіліп жатыр. Былтыр түлектер кештен кейін түрлі құқықбұзушылық жасаған. Осыған байланысы полиция қызметкерлері ата-аналар мен түлектерге үн қатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шаралар өткізілетін орындарда құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз ету үшін әрбір оқу орнына полиция қызметкерлері және басшы құрам қатарынан жауаптылар бекітілді.
Қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында полицияның патрульдік нарядтары кеш өткізілетін орындарға барынша жақын орналастырылды, сондай-ақ, жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары іске қосылды.
Жалпы, бұл іс-шараларға 7 мыңнан аса полиция қызметкері жұмылдырылды.
"Ата-аналардан және түлектерден қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, су қоймасында қауіпсіздік шараларын ұстануды өтінеміз. Тәрбиешілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерге тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек. Құрметті түлектер мен олардың ата-аналары, бұл мереке сіз үшін тек жағымды жағынан есте қалуы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз", – деді ІІМ ӘПК басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!