Полиция көшедегі күмәнді QR кодтарға байланысты ескерту жасады

Полиция көшедегі күмәнді QR кодтарға байланысты ескерту жасады
Фото: depositphotos.com

Полиция көшедегі күмәнді QR кодтарға байланысты ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Неге қауіпті?

QR кодтар бүгінде күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналған. Алайда алаяқтар да осы технологияны өз пайдасына қолданып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдеріне көшкен.

"Көшедегі, аялдамалардағы, кіреберістегі немесе жарнама ілуге арналған тақтайшалардағы QR кодты сканерлемес бұрын қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Себебі алаяқтар түпнұсқа кодтың орнына өздерінің QR кодын жапсырып, адамдарды қауіпті сайттарға бағыттауы мүмкін. Мұндай сілтемелердің мақсаты әртүрлі болуы ықтимал. Сіздің жеке мәліметіңізді немесе банк карталарының дерегін алуға тырысады. Көп жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасадым деп ойлағанымен, қаражат алаяқтардың есепшотына аударылып кетеді", - деді ІІМ өкілдері.

Күмәнді QR кодтың негізгі белгілері:

  • QR код басқа жарнаманың үстіне жапсырылған;
  • Хабарландыру ресми безендірілмеген;
  • "Сыйлық алыңыз", "Тек бүгін", "Жедел сканерлеңіз" деген сияқты асықтыратын мәтіндер жазылған;
  • Ұйымның атауы немесе байланыс дерегі көрсетілмеген.

Полиция белгісіз QR кодты себепсіз сканерлемеуге; сілтеме ашылар алдында оның интернет мекенжайын мұқият тексеруге; күмәнді сайттарға жеке дерегіңізді, банк картасының мәліметін немесе SMS арқылы келген растау кодын енгізбеуге шақырды.

Күмәнді QR кодты сканерлеп, жеке дерегіңізді енгізіп қойған болсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз. ️

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget