Полиция көлік жүргізушілерге үндеу жасады

Полиция азаматтарға балаларды автокреслода тасымалдауға кеңес береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, соның ішінде жол апаты кезіндегі жарақаттарды азайту үшін балаларды отырғызатын арнайы құралдарды пайдалану қажет екенін ескертті.

"Жыл басынан бері Алматы жолдарында балаларға қатысты 1511 жол апаты тіркеліп, салдарынан төрт бала қаза тауып, 1600-ден аса бала жарақат алған. Бұл сандар алаңдаушылық туғызуы керек. Балаларды автоорындықтарға отырғызу әуре-сарсаңға салу емес, қауіпсіздікке кепілдік беретін талаптар екенін түсіну өте маңызды", - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

ІІМ өкілі балалардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен өзімізге байланысты екенін еске салды.

"Көптеген ата-ана баласын тасымалдау үшін автоорындықты сатып алмаймыз дейді, себебі балалар тез өсіп кетеді, арнайы орындықтар кіші болып қалатынын айтады. Бірақ балаларды тасымалдауға арналған трансформацияланатын орындықты сатып алуға болады", - деді Тимур Ноғайбаев.

Айта кетейік, былтыр елімізде 30 мыңнан аса жол апаты тіркелген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!