Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде адамдар тапталып қалған. Салдарынан қылмыстық іс қозғалып, концертті ұйымдастырғандар полицияға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
"Адамдардың көп жиналуынан концертке келген қыздардың бірі зардап шекті. Қазір ол медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Соталды тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда Қайрат Нұртастың "Сахнада 20 жыл" атты мерейтойлық концерті өтті. Әншінің шығармашылық жолына арналған кеш сағат 19:00-де басталуға тиіс болған. Алайда концертке жиналған жұрт стадионның кіреберісінде қысылып қалған. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады.
Куәгерлердің айтуынша, кейбір көрермендер ұзақ уақыт стадионға кіре алмай тұрған. Есік ашылған кезде жұрт жаппай алға ұмтылып, адамдар бір-бірін итере бастаған. Салдарынан кейбірі құлап, өзгелердің аяғының астында қалған. Концертке барғандар арасында жарақат алғандар мен есінен танып қалғандар болғаны айтылды. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері шақырылған.
18 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 10 қазанда концерт кезінде жарақат алған 18 жастағы қызға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Кейін оны жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген.
"Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында", – деп хабарлады ведомство.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz