Алматыда белгісіз біреулер көп қабатты тұрғын үй кешендеріндегі өртке қарсы 200-ге жуық құралдарды үптеп кеткен. Пәтердің қоңырауын басып қарап, бірі ұрлап, екіншісі аумақты бақылап тұрған әккі ұрылардың әрекеті тұрғындар орнатқан бейнекамераға түсіп қалған. "Алатау сити" тұрғындарының айтуынша, құзырлы органдар өз қызметін дұрыс орындамайтын көрінеді. "Барлық қабаттағы өртке қарсы құралдар ұрланып бітті" деген тұрғындармен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Жылжытып көріңіз
Бұл оқиға Мадинаның дәл есігінің алдында болыпты. Тұрғынның сөзінше дәл сол күні үйінде болмаған. Ұрылар соны білді ме екен, әйтеуір 11-қабаттағы өртке қарсы құралдарды қолды қылған. Бұл оқиға тұрғындар орнатқан бейнекамераға түсіп қалыпты.
"Полиция бізде мүлдем жұмыс жасамайды. Шақырсақ мүлде келмейді. Барлық қабатта ұрланып бітті. Құдай сақтасын әрине. Өрт бола қалса не істейміз сонда? Бұл менің дәл есігімнің алдындағы камераға түсіп қалған. Өзім сол күні басқа қалаға демалуға бара жатқанмын", - дейді ол.
1-маусымда Алатау аудандық ішкі істер бөлімі басшысына барып, белгісіз біреулер өртке қарсы құралдарды ұрлап жатыр деген арыз шағым түсірдік. Алайда ешқандай тергеп-тексеру шаралары қолданылмады. Содан кейін тұрғындардан бейнежазбаны алдырып, үш адамды әуперімдеп жүріп ұстады. Алайда тергеу шаралары жүргізілді ме, ұрыларға қандай шара қолданылып жатқаны айтылмады. Оның үстіне ұрлық фактісі көбейе берді. Содан кейін 2-тамыз күні тағы бір мәрте арыз түсірдік. Келіп тексереміз деді. Алайда ешкім келіп тексермеді. Осылайша ұрыларымыз айлакер, полициямыз қауқарсыз болып тұр" - дейді Баян есімді "Алатау сити" тұрғыны.
"Полиция өкілдері күн қараса да, түн қараса да рұқсат береміз. Камералардағы бейнежазбаларды тексерсін келіп. Барлық жерде камера болмағандықтан бізге анықтау қиын. Тұрғындардың түсірген арыз шағымымен ғана жазып отырамыз. Алайда әккі ұрылар бейнежазба жоқ жердегі өртке қарсы құралдарды үптеп кеткен. Біз ұрыларды ұстаған күннің өзінде еш шара қолдана алмаймыз. Сондықтан құзырлы органдар жұмыс тобын жіберіп бұл іспен айналысса дейміз" дейді олар.
Сорақысы сол, әлгі бейнежазбадағы үш адам ұрлығын әлі тимаған. Біз барған күннен бір күн бұрын тұрғындардың көзінше қылмысын жалғастырыпты. Ал аудандық полиция басқармасының өкілдері бұл іс бойынша іс сотқа жіберілгенін айтты.
"Біз ұрыларды құрықтап, істі сотқа жібердік. Бұрынғы арыздар бойынша іс ашылды. Бірақ ол адамдар сот шешімі шыққанша бостандықта жүр. Егер, тұрғындар тағы да сол адамдарды көрген болса, бізге арыз түсіруі тиіс. Біз сол арыз бойынша бұл іспен шұғылданамыз", - дейді Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің "Криминплдық полиция" бөлімшесінің бастығы Ахметжанов Мақсат.
ПИК өкілдері сөзінше, ұрылар ол құралдарды базарларға апарып сатады екен. Алайда "оның нақты ұрланғанын дәлелдей алмаймыз" деп налиды. Құзырлы органдардан қайыр болмаған соң тұрғын үйге жауаптылар өз қалталарынан ұрланған құбырларды қалпына келтіріп жатыр. Айта кетейік өрт сөндіргіш құралдардың 1 данасы 13 800 теңге тұрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!