"Полиция қателігін мойындады". Ақтөбелік көпбалалы ана екі жылдан бері тірі екенін дәлелдей алмай жүр

"Полиция қателігін мойындады". Ақтөбелік көпбалалы ана екі жылдан бері тірі екенін дәлелдей алмай жүр
Фото: Автордан

Ақтөбеде көпбалалы ана екі жылдан бері медициналық көмек ала алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбелік Бота Қартбаева 2021 жылғы желтоқсаннан бері өлілер тізімінде жүр. Әйел өзінің "о дүниеге аттанғанын" кездейсоқ білген. Балаларының жәрдемақысы кешіккен соң, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Ал ондағы мамандар әйелге "қайтыс болғанын" айтқан. 

"2022 жылғы қаңтарда баларыма жәрдемақы түсуі керек. Алайда ол кешіге бастаған соң, халыққа қызмет ету орталығына бардым. Анықтай келгенде 2021 жылғы желтоқсанда Темір ауданында жол апаты болады. Сол кезде менімен тегі бірдей келіншек көз жұмады. Ал оны да ауылдастары Бота деп атайды екен. Сөйтіп учаскелік полиция менің деректерімді тіркеп жібереді. Бұны учаскелік полицияның өзі де "менің қателігім" деп мойындады. Екі жылдан бері сандалып жүрмін. Учаскелік полиция "хат жіберіп жатырмын, шешіледі" деді. Содан бері екі жыл өтті. Шешілген мәселе жоқ", - дейді Бота Қартбаева. 

Бота Қартбаева

Сол уаықттан бері көпбалалы ана мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Қажет құжаттарын жинап, балаларының жәрдемақысына қол жеткізгенмен, медициналық қызмет дерегінде әлі қайтыс болғандардың қатарында тұр екен. Соның кесірінен екі жылдан бері медициналық көмекке де қол жеткізе алмай келеді.  

"Тірі адам болсам да өлгендердің қатарында жүрмін. Ауырсам аурухана, емханаға қарала алмаймын.  Барсам, "өлілердің қатарындасыз, қабылдамаймыз" дейді. Бұндай жағдайда жұмысқа да тұра алмаймын. Себебі медосмотордан өте алмаймын. Енді не істерімді білмеймін", - дейді ол.

Massaget.kz тілшісі бұл мәселе бойынша Қарғалы қалалық ауруханасына хабарласты. Мамандар Бота Қартбаеваның мәселесімен жақсы таныс екендерін жеткізді. Мекеме тарапынан мәселені шешу үшін тиісті орындарға хат та жолданған.

Бота Қартбаева 

"Соңғы жауап электрон денсаулық сақтауды дамыту департаментінен келді. Қартбаеваның туыстары немесе жолдасы қайтыс болу дерегін алып тастау үшін әділет органдарына жүгінуі немесе мәселені сот шешімімен шешуі керек. Бұл туралы пацентке айттық. Соған қарамастан  бұл кісі біздің аймақта тұратын болғандықтан алғашқы медициналық көмектің барлығын тіркеу мәртебесіне қарамай алып жатыр", - деді ауруханының бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова. 

Ал облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 2021 жылғы желтоқсанда болған. Апат кезінде көз жұмған әйелдің жеке куәлігі болмағандықтан, куәгерлер берген қате дерекпен тіркелген. Кейін үш тәулік ішінде барлық инстанцияға нақты сауалнамалық деректер жіберіледі. Қазіргі уақытта департамент тарапынан базаға өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне қайтадан хат жолданған. Ал 38 жастағы әйел тірілер қатарына қосу ісі енді қанша уақытқа созылары белгісіз.

Кәмшат Қопаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz