Полиция бір ай бұрын жоғалып кеткен өскемендік қызды іздестіру жұмыстарына қатысты түсінік берді

Полиция бір ай бұрын жоғалып кеткен өскемендік қызды іздестіру жұмыстарына қатысты түсінік берді
Фото: Әнел Ерік, Айпара Тұлақбай, фотоны еріктілер ұсынды

Полицейлер із-түзсіз жоғалған Айпара Тұлақбайды іздеу жұмыстарына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қыздың қайда екені анықталды. Ол басқа қалада болған, ол өз еркімен кеткен. Қыздың жағдайы жақсы. Қазір ол жақындарымен бірге", - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Айпара Тұлақбай 2000 жылы 17 шілдеде дүниеге келген. 25 қараша күні ол үйден шығып кетіп, өзі туралы хабар бермеген. Ол Өскеменде оқыған, әжесімен тұрған, ағасы Семейден іздеуге көмектесу үшін келген. Жоғалған адамды іздеуге белсене атсалысқан lider.kz еріктілер қозғалысының хабарлауынша, Айпараға ұқсас қызды 29 қарашада көрген.

Сондай-ақ 12 қараша күні жоғалып кеткен екінші қыз Әнел Ерікті іздеу жұмыстарының жай-жапсары да белгілі болды. Бұған дейін оның қайтыс болғанын хабарлаған едік.

"13 желтоқсанда Өскемендегі Протозанов көшесінде Үлбі өзенінің жағасынан полицейлер бұған дейін жоғалып кеткен Әнел Ерікті өлі тапты, оның көзге көрінетін жарақаттары жоқ", - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ олар қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан