Полиция бөлімінде тәртіп бұзған астаналық қамауға алынды

Полиция бөлімінде тәртіп бұзған астаналық қамауға алынды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

29 қарашада Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) М-ға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істің мән-жайына сәйкес М. алкогольдік масаң күйде Астана қаласы Алматы ауданының полиция басқармасында, яғни қоғамдық орында куәлерге былапыт сөйлеген.

Сот отырысында құқықбұзушы өз кінәсін мойындап, қатты мас күйінде болғандықтан былапыт сөйлегенін айтты.

Құқықбұзушылық бейнежазбамен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен расталады.

ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.

Сот жаза тағайындау кезінде құқықбұзушының кінәсін мойындауын жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Құқықбұзушылықты алкогольдік масаң күйде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сот М-ны ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.

Жаза қоғамды сыйламауға байланысты және мас күйінде жасалған әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және жаңа құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина