Полиция басы дауға қалған рэпер De Lacure-дің видеосын жариялады

Рэпер De Lacure Алматыдағы YouTube-шоу түсірілімі кезінде қоғамда резонанс тудырған оқиғаны айтып берді. Бүгін әртістің полицияға жеткізілгені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

"Мне стыдно" атты әлі жарыққа шықпаған бағдарламаның үзінділері әлеуметтік желілерде тарап кеткеннен кейін, жұрт музыкант пен оның достарының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

Анықтама:"Мне стыдно" - бұл ойын-сауық бағытындағы YouTube-шоу. Жобаға комиктер, блогерлер және арнайы шақырылған қонақтар қатысады. Олар өз өмірлерінде болған ыңғайсыз немесе "ұят" оқиғаларды баяндап береді.

Рэпер De Lacure қатысқан түсірілімнен кейін желіде оның айтқан әңгімесі талқылана бастады.

Көрермендердің сөзінше, рэпер өткенде болған бір оқиғаны баяндаған. Ол достарымен көшеде келе жатып, көмек сұраған әйелдің дауысын естігенін айтқан.

"Олар жарақат алған, көмек сұрап жатқан әйелді тауып алған. Ол достарының есімдерін атаған. Олар көмектесу үшін жанына барып, оны киіндіре бастаған. Алайда бір сәтте достарының бірі "енді өзім көмектесемін" деп, қалғандарының шығуын сұраған. Олар шыққан соң, әйел зорланған. De Lacure-дің айтуынша, олар сыртта тұрып, не болып жатқанын түсінген", – деп жазды шоуға барған көрермендердің бірі.

Полиция не дейді?

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері рэпердің мәлімдемелеріне қатысты тексеру жүргізгенін хабарлады. Ол түсініктеме беру үшін полицияға жеткізілді.

"Тексеру нәтижесінде бұл жағдайдың ойын-сауық форматындағы шоу барысында айтылған оқиға фрагменті екені анықталды. Автордың айтуынша, ол оқиға 2012 жылға тиесілі болған. Азамат полиция органына түсініктеме беру үшін жеткізілді. Ол өз сөзінде әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бұрмаланып берілгенін, сондай-ақ зорлық-зомбылық әрекеттерінің орын алмағанын мәлімдеді", – деп хабарлады ПД қызметкерлері.

Рэпер 2025 жылы Алматыдағы стендап-шоуға шақырылғанын, онда 2012 жылғы жазда Алғабас шағынауданында болған оқиғаны айтып бергенін мәлімдеді.

"Достарымызбен түнде бір әйелді кездестіріп, оған көмектескіміз келді. Досымыз өзі көмектесуге ниет білдірді, сөйтіп олардың арасында өзара келісім бойынша, былайша айтқанда, интим қатынас болды. Мұның бәрі екі жақтың келісімімен жасалды. Осы уақытқа дейін бұл мәселе бойынша мені ешкім мазалаған жоқ, ешқандай арыз-шағым түскен емес және өзімнің де ешқандай талап-тілегім жоқ", – деді рэпер.

Полиция рэпердің қылмыстық құқықбұзушылық жасағанына дәлел табылмағанын мәлімдеді.

"Қазір қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалғанын растайтын объектив деректер анықталған жоқ. Тексеру шаралары аяқталды", – деді полицейлер.

Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек полиция рэпердің іс-әрекетін тексеретінін мәлімдеген еді. 

"Егер деректер расталса, оған міндетті түрде құқықтық баға беріледі. Бірақ кейде хайп үшін не болса соны айта салуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлар болып тұрады, оны жоққа шығармаймыз", – деді Әзірбек ӨКҚ кулуарында.

Даудың мән-жайы

De Lacure төңірегіндегі дау комик Зарина Байболованың мәлімдемесінен кейін басталды. Оның айтуынша, қатысушылар өміріндегі ыңғайсыз оқиғаларын бөлісетін "Мне стыдно" YouTube-шоуының түсірілімінде рэпер көпшіліктің ашуын туғызған оқиға айтқан. Осыдан кейін шығарылымды жарияламау туралы шешім қабылданған.

Кейін Зарина Байболова әлеуметтік желіде бұл оқиғаға кеңірек тоқталды. Оның сөзінше, түсірілім 2025 жылғы 20 сәуірде Алматыда өткен.

Ол сол күні бірнеше шығарылым қатарынан түсірілгенін, ал рэпер қатысқан бағдарлама соңғысы болғанын айтты. De Lacure өз оқиғасын айтқан кезде түсірілім тобы шаршаған еді. Жүргізуші сол сәтте команда бірден дұрыс реакция білдіре алмағанын мойындады. Оның айтуынша, ол кезде бұл оқиғаның шын болғаны, ойдан шығарылғаны немесе жай ғана арандату екені түсініксіз болған.

"Біз сол сәтте тез шешім қабылдап, қажет реакция көрсете алмағанымыз үшін кешірім сұраймын", - деп жазды ол.

Байболованың айтуынша, ең кемі түсірілімді тоқтатып, сахнадан кету керек еді. Алайда залда 100-ден аса көрермен отырғандықтан, команда түсірілімді тоқтатпауға тырысқан. Ол мұның сырт көзге орынсыз көрінгенін және қазақстандықтардың реакциясын түсінетінін атап өтті.

Кейін комикесса тілшіге полицияға арыз берілгенін растады.

Анықтама: Зарина Байболова - қазақстандық комик, стендап-артист және сценарист.

Кейін Ануар Баймұхаев та жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол оқиғаның шамамен 15 жыл бұрын, өзі 16-17 жаста болған кезде болғанын айтты. Рэпер зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтынын мәлімдеп, "сәтсіз оқиға таңдағаны және сол кезде мұнда күлкілі ештеңе жоқ екенін түсінбегені" үшін кешірім сұрады.

Анықтама: Ануар Баймұхаев, көпшілікке De Lacure ретінде танымал, - қазақстандық рэп орындаушы, ән авторы және продюсер. Ол музыкамен 2009 жылдан бері айналысады, нью-скул бағытында жұмыс істейді. "Esindi Jina", "Kul", "Quma" тректерімен танымал.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!