Қостанай облысының полициясы 20 жыл көріспеген әкесі мен қызын табыстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1995 жылы 58 жастағы Александр Хан Қазақстаннан белгісіз себептермен хабарсыз кеткен. Оның қызы Юлия Хан Қостанай қаласының полиция басқармасына жүгініп, жоғалған әкесін табуға көмек сұраған. Әкесін іздеу оның өмір бойғы арманына айналған.
Александр Ханның 1995 жылы алыс шетелге тұрақты тұруға кетіп, отбасымен байланысын үзгеніне қарамастан, полиция қызметкерлері Юлияның үмітін үзбей, іздеу жұмыстарын бастады. Көші-қон қызметі мамандарының кәсіби және үйлесімді әрекеттерінің арқасында Александр Ханның Францияда ұзақ жыл бойы тұрғаны анықталды.
"Әртүрлі себептермен ол туыстарымен байланысын жалғастыра алмаған, бірақ қызының табандылығы мен полицейлердің еңбегі бұл олқылықтың орнын толтырды. Жиырма жылдан кейін әке мен қыз қайта қауышып, бұл кездесу Хан отбасы үшін үлкен қуанышқа айналды", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз