Мессенджерлерде өзін полицейміз деп таныстырып, пәтерлерді аралап, жеке мәліметтерді жинап жүргендер туралы хабарлама тарады. Бұл хабарламаға қатысты Ішкі істер министрлігі пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хабарламада жалған полицейлер ІІМ логотиптері бар құжаттар мен бланкілер алып жүргені айтылған.
"ІІМ формасын киіп жүруі мүмкін. Олар суретіңізді/саусақ ізіңізді түсіруге ниетті екенін айтады. Ноутбук, биометриялық құрылғы және тұрғындардың тізімін ала жүреді. Осы тізімді көрсетіп, барлық ақпаратты беруді сұрайды", – деп жазылған хабарламада.
Мессенджерлерде бланк таратылып жатқаны да айтылды. Онда аты-жөніңізді, мекенжайыңызды, тұратын жеріңізді және жұмыс орныңызды, ЖСН және басқа да мәліметтерді көрсету қажет.
ІІМ баспасөз қызметі хабарлама министрлік атынан тарап жатқаны шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден алыңыздар", – деп мәлімдеді министрлік өкілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!