- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Полицейлер "несие рәсімдеуге...
Полицейлер "несие рәсімдеуге көмектесушіден" зардап шеккендерді іздеп жатыр
Полицейлер "несие рәсімдеуге көмектесушіден" зардап шеккендерді іздеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласы "Сарыарқа" ауданының полиция басқармасы алаяқтық фактісі бойынша эпизодтық қылмыстық істі тергеп жатыр.
Мысалы, 2022 жылдың тамыз айында 27 жастағы бойжеткен "Arab Bank" банкі арқылы шағын бизнесті несиелендіруді сылтау етіп, алдап, сендіру арқылы 500 000 теңге көлемінде қаражатын иемденіп алған бейтаныс тұлғаға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арызданған.
Осыған ұқсас 51 жастағы әйел де осындай алаяқтық оқиғасын айтады. Оған да бейтаныс азаматша исламдық қаржы орталығы арқылы шағын кәсіпкерлікке инвестиция саламын деген желеумен алдап, 500 000 теңгені иемденіп алғаны белгілі болған.
Сондай-ақ, Ислам қаржы орталығынан 70 000 000 теңге несие аламын деп, 1 000 000 теңгеге алданған 32 жастағы ер адам алаяқтың айласына түсіп кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында 49 жастағы алаяқ анықталды. Бұл дерек бойынша "алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адамға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарды жасауға қатысы бар екені анықталып жатыр.
Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері аталған тұлғаның осындай алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде басқа да жәбірленушілердің болғанын анықтап жатыр. Егер сіз алаяқтық әрекеттің құрбаны болсаңыз, келесі байланыс телефондары арқылы хабарлаңыз: 8 (7172) 71-66-90 немесе 8-775-295-88-15, 8-708-808-08-46
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина