Эквадорда қарулы топ TC televisión телеарнасын басып алып, журналистерді кепілге алды. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ мәліметінше, қарулы адамдар университет пен полиция бөлімшелерін де басып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елдегі қарулы қақтығыс "Лос Чонерос" тобының жетекшісі, Фито есімді лақапаты бар Адольфо Масияс Вильямар түрмеден қашқаннан кейін басталды. Алдымен қарақшылар жергілікті телеарнаның қызметкерлеріне шабуыл жасады. Бұл жайт видеоға түсіп қалды.
Журналистер президенттің атына өздерін босатуды сұрап, видеоүндеу жолдады.
Сонымен қатар, Эквадордың басқа аудандарынан да осындай хабарламалар түсе бастаған. Мәліметтерге сәйкес, қарулы топтар Гуаякиль университетіне басып кіріп, студенттер мен оқытушыларды кепілге алуға тырысқан.
Метро мен сауда орталықтарында да адамдарға шабуыл жасалды.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Эквадор картелінің мүшелері Гуаякиль қаласындағы полиция патрульдеріне шабуыл жасай бастаған. Тұрғындар қарақшылар құқық қорғау органдарына оқ жаудырып жатқанын айтады. Бірнеше бейбіт тұрғын да жарақат алған.
Эквадор президенті Даниэль Нобоа қоғамдық жиналыстарға тыйым салып, коменданттық сағат енгізілетін 60 күндік төтенше жағдай жариялады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы елде ішкі қарулы қақтығыс болып жатқанын мойындау туралы жарлық шығарды. Ал бұл жарлыққа сәйкес барлық қылмыстық топ лаңкестік ұйымдар секілді қабылданады.
Нобоа әскерге тәртіпсіздіктер жасаған, қалаларда адамдарды кепілге алған қарақшыларды өлтіруге бұйрық берді.
Ал ел президентіне жауап ретінде банда мүшелері әскери жағдайды жоюды, әскер мен полицияны көшелерден алып тастауды талап етіп отыр.
Олар қорқыту мақсатында түрме қызметкерлері мен полиция қызметкерлерін өлім жазасына кескен видеоларын жариялап жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!