Ақтөбе қаласының №2 сотында немқұрайлылық танытты деп айыпталған үш полицейге үкім шықты. Іс материалдарынан тәртіп сақшылары бекетте ұйықтап қалғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр 11 қарашада үш полицей жергілікті полиция қызметінің уақытша ұстау изоляторын күзетуге кіріскен. Түн түскенде үшеуі де ұйықтап қалған. Мұны байқаған қамаудағы екі жігіт камераның есігін ашып, қашып үлгерген. Полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінің бірлескен іс-әрекетінің арқасында олар таңертең ғана қолға түсті.
Сотта екі полиция қызметкері ғана кінәсін толық мойындап өкінді. Жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, үшеуі де 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ, сот Ақтөбе облыстық ІІД бастығына алдағы уақытта осындай деректердің қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!