Қостанайда жолда толғағы қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицейлер қызметтік көліктің шамдарын қосып, толғағы қысқан әйел отырған көлікті перзентханаға дейін алып барды.
"Серіктесім екеуміз экипаж құрамында қызмет атқардық. Қостанайға кіреберістегі А-22 автожолының шамамен 10-шақырымында бізге ВАЗ-2115 автокөлігінің жүргізушісі келіп, көлікте жұбайының толғағы қысып жатқанын хабарлады. Көп ойланбай, біз жарқырайтын шамдарды қосып, олардың кедергісіз жүруін қамтамасыз еттік", - деді Еркін Төлегенов.
6 минутта ауруханаға жеткен әйел аман-есен дүниеге қыз бала әкелді. Полицейлерге бұл қуанышты жаңалықты әкесі хабарлады. Ерлі-зайыпты Рудныйда тұрады. Дүниеге келген қыз - олардың отбасындағы 8-ші бала.
"Полицейлер болмағанда, салдарын елестетудің өзі қиын. Толғағым қысып, күйеуім екеуміз Қостанай перзентханасына жолға шықтық. Жол бойында біз полиция қызметкерлерін кездестірдік. Күйеуім оларға жақындап, перзентханаға тезірек жетуге көмек сұрады. Полицейлер өтінішімізді жерге тастамады. Қазір сәбиіміз екеуміз ауруханада жатырмыз, бәрі жақсы", - деді босанған әйел.
Қазіргі таңда көпбалалы ана нәрестесімен үйіне шығарылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз