Қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің (Бақтияр Мамедов) Өзбекстандағы концертіне дейін болған тәртіпсіздіктен кейін полиция Алматы тұрғындарына үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ташкентте 25 қарашада әртістің концертіне дейін төбелес пен жаппай тәртіпсіздік болды. Бұған жалған билеттер себеп болған - тұрғындар мұны сатушылардан сатып алған.
"Мысалы, бір ғана QR кодпен концертке 115 рет кіруге әрекет жасалған", - дейді билеттерді сататын компания.
Алматы полициясы тұрғындарды концерттік билеттерді сатып алу кезінде сақ болуға шақырды.
"Мәдени ойын-сауық іс-шараларына билеттерді сатуға байланысты айла жасау, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу мақсатында Алматы қалалық полициясы шаһар тұрғындары мен қонақтарына үндеу тастап, мүліктік қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Концерт билеттерін алаяқтардың құрбаны болмас үшін ресми көздерден сатып алу керек", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!