"Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ сыртқы коммуникациялар қызметінің басшысы Шынар Жәнібекова әлеуметтік желідегі парақшасында полицей болып жұмыс істеген күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жәбірленушінің айтуынша, ол елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған жаңа заңға сеніп, күйеуінің үстінен арыз жазған. Алайда оның полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне көңілі толмаған.
"Енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кейін әйелді не күтіп тұрғанын айтып берейін.
8 мамырда күйеуім маған тағы да қол көтерді. Мен заң әйелдің жағында дегенде сенгендіктен, полиция шақырдым.
Сол күні күйеуім артымнан қуды, мен жалаңаяқ көшеге шығып кеттім. Ол мені құлатып, тепкілей бастады. Мен адамдарды көмекке шақырып, айғайладым. Қорқыныштан ба, не қатты айқайлағанымнан ба, дәретімді жіберіп қойдым. Мұны көрген кіші ұлым да айғайлай бастады. Шамасы, ұлымның айғайлағаны күйеуімді тоқтатты ма, ол үйге кетіп қалды. Ұлым екеуміз көршілерімізге қашып кеттік. Сол жерден полиция шақырдық.
Мен келген полицияға пижамамен, жалаңаяқ, ақсаңдап шықтым. Осы уақытта олар көшеде күйеуіммен сөйлесіп тұрды. Олар менен аяқ киім киюімді сұрады. Мен олардың әрмен қарайғы іс-әрекеті қандай болатынын сұрап, күйеуімнің үстінен арыз жазғым келетінін айттым.
Осыдан кейін ғана олар бөлімшеге барамыз деп жауап берді. Мен киімімді ауыстырып, сыртқа шықтым.
Күйеуім маған тоқтайтын кез келгенін айтып, "жалғастырғың келе ме?" деп сұрады. Мен "иә, арыз жазғым келеді" дедім. Полицей маған аудандық ішкі істер бөліміне барғанша үндемеуімді сұрап, көлікке отырғызды. Мен күйеуімнің қасында отырудан бас тарттым. Осыдан кейін олар маған алдыңғы орындыққа отыруды ұсынды.
Мен полицейден күйеуім менен үйде тартып алған ұялы телефонымды қашан беретінін сұрадым. Полицей маған "бөлімшеде шешеміз" деп жауап қатты. Негізі ұялы телефон күйеуімнің қолында еді.
Жолда күйеуім мені әңгімеге тартты, мен үндемей отыра бердім, ал полицей оған ескерту жасаған жоқ. Бірақ бұған дейін менен үндемеуді сұраған болатын. Мен полицейдің неге күйеуіме ескерту жасамайтынын сұрамайынша, ол да үндемей отыра берді. Бөлімшеге барғаннан кейін олар маған күйеуіммен бірге камераға кіруді бұйырды. Мен бас тартып, онымен бір жерге отырмайтынымды айттым. Осыдан кейін ғана олар бізді әртүрлі бөлмеге отырғызды.
Мен арыз жаздым да, полицейлерден олардың енді не істейтінін сұрадым. Олар маған істің мән-жайын түсіндіруге қақылары жоқ екенін айтып, ешнәрсені ашып айтпады. Маған бәрін кейін хабарласатын учаскелік полиция қызметкері түсіндіретінін айтты. Күйеуімді 3 сағат қана бөлімшеде ұстап, кейін жіберді. Келесі күні күйеуім ата-анасымен бірге келді, мен оларды кіргізбедім.
Мен өз эмоциямды сипаттай алмаймын. Мұны тек тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйел түсінеді. Егер екеуміз бір жерде қалатын болсақ, ол мені өлтіріп қояды.
Учаскелік полицей 4 күннен кейін тек жексенбі күні қоңырау шалып, маған келе жатқанын айтты. Маған 30 күн ішінде күйеуім екеуміз бір-бірімізге қоңырау шалуға, жазуға, сөйлесуге тыйым салынатыны туралы қағазға қол қоюға берді. Ал 30 күннен кейін күйеуім үйге қайтып келеді, ал мен бұған кедергі бола алмаймын. Ал кедергі болуға тырысатын болсам, мені жауапкершілікке тартады, тіпті айыппұл төлеймін. Мен полиция қызметкерлерін күйеуім мені қайтадан қорқытса немесе қол көтерсе ғана шақыра аламын, бірақ шақыру үшін менің қолымда фото немесе видео түрінде дәлел болуы шарт. Әйтпесе жалған қоңырау үшін мен айыппұл төлеймін.
Сөйтіп полицей маған медициналық куәландыруға жолдама берді. Ол үшін мен мөрді қаланың бір шетінен қойғызып, куәландыру үшін қаланың екінші шетіне баруым керек. Сондай-ақ, ол менің істі қаншалық сотқа дейін жеткізгім келетінін сұрады да, бұл балаларға әсер ететінін, болашақта олардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретінін, деректерінде әкесі сотталғаны жазылып тұратынын айтты.
Сонымен қатар, полицей күйеуімнің бұрынғы қызметкер екеніне назар аударды. Менің мұның бәрімен қаншалық байланысқым келетінін сұрады. Содан кейін ол күйеуімді шақырып, өзіне қаруды тапсыруын сұрады. Күйеуім ІІМ-нің бұрынғы қызметкері болған әкесімен бірге келді.
Қорытындыны өзіңіз жасаңыз. Әйел құқығы шынымен қорғалған ба? Әйелдерге біржақты көзқарас бар ма? Әйел өзін қорғай ала ма?
Менің жоспарым бар. Мен оны бөлісе аламын.
Ал суреттегі мен, суреттен менің аяғымның сынғанын көруге болады. Бұл кезде аяғымды күйеуім сындырған болатын. Суретте мен күліп тұрмын, алайда ешкім аяғымның неліктен сынғанын білмейді. Мен ешкімге айтқан жоқпын. Неге күліп тұрмын? Әйел әрқашан жақсы көңіл-күйде болуы керек, ұрыс шығармай, бәрін ішінде ұстауы керек", - деп жазған ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Кір жууға арналған капсулаларды қалай қолданады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!