Танымал әнші Бағлан Әбдірайымовтың жары өзіне қалай сөз салғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол "Хабар" арнасының "Алғашқы" бағдарламасында Аман Тасығанға берген сұхбатында бөлісті.
Әнші жары Роза Айтпаевамен мектеп қабырғасынан таныс. Роза Айтпаева өнер иесінің қарындасымен бір сыныпта оқыған. Олар бір жиында кездескен.
"Сол кезде ресми түрде танысқан жоқпыз. Бір баланың домбыра шерткені есімде, ол Бағлан болғанын кейін білдім. Олар "Жігіттер" тобы"болып көтерілгеннен кейін қуаныштарда, тойларда кездесетінбіз. Сәлеміміз тұзу. Ол күнде таңда маған жазып тұратын. Астанаға келгенде маған хабарласатын, 4 жігітпен бірге тамақтанатынбыз. Менің ойымда ештеңе жоқ, дос ретінде араласып жүрдім", - деп еске алды Роза Айтпаева.
Сондай-ақ, әншінің жары Бағлан Әбдірайымов қалай сөз салғанын айтты.
"Маған қалай сөз салғанын айтсам, бәрі күледі. "Жігіттер" тобымен кешке тамақтандық, сосын Бағлан мені үйге әкеліп тастады. Бәрі Бағланды көлікте күтіп отыр, біз екеуміз подъезде сөйлесіп тұрмыз. Бір кезде "маған тұрмысқа шығасың ба?" деп тұр. Жаурағаннан үйге кіргім келіп тұр, подъездің іші суық. "Жарайды, сосын ойланайыншы" деп сасып қалдым. Тамызда ұзатылдым, үлкен той қазанда болды", - дейді өнер иесінің жары.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!