“Пневмониямен ауырып жатқандарды әдейі улап жатыр“: комитет пікірі

“Пневмониямен ауырып жатқандарды әдейі улап жатыр“: комитет пікірі
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Денсаулық сақтау министрлігінң Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "пневмониямен, бронхитпен ауырып жатқан адамдарды әдейі улап жатыр" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Комитет өкілдері адамдар пневмониямен, бронхитпен ауырып жатқаны әдейі улаудың салдары деген әлеуметтік желілерде таратылған ақпарат шындыққа жанаспайтынын және жалған ақпарат екенін айтты.

Тұмау және ЖРВИ жағдайы бақылауда. Жалпы, еліміз бойынша ағымдағы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері (биылғы жылдың 1 қазанынан бастап) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың 20%-ға төмендеуі байқалады. Зертханалық расталған тұмаудың 400-ге жуық жағдайы тіркелді. Республикада тұмауға қарсы 2 млн астам адам егілді.

"Эпидемиялық маусымда вирустық инфекциялар белсенді түрде таралады. Әсіресе ұжым жағдайындағы балалар арасында: ата-аналар, ауырғанына қарамастан балаларды балабақшаларға, мектептерге жібереді, осылайша вирустың таралуын арттырады. Сондай-ақ кеш медициналық көмекке жүгіну асқынулардың дамуына әкелетінін атап өткен жөн", - делінген хабарламада.

Комитет халыққа алдын алу шараларын сақтауды ұсынады: қоғамдық орындарға бармау, гигиена ережелерін сақтау, үй-жайларды желдету, сондай-ақ өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына мұқият болу және аурудың алғашқы белгілерінде медициналық көмекке жүгіну.

Комитет өкілдері жалған ақпарат таратпауды және тек ресми көздердегі ақпаратқа сенуді сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина