- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Плюшкин“ синдромы. Заттарды...
“Плюшкин“ синдромы. Заттарды тастауға қимай, жинай беретін адамдарға не істеу керек?
Көрінген нәрсені "керек болып қалар" деген желеумен тастауға қимай, жинай беретін адамдарды психологияда "плюшкин" синдромына шалдыққан жандар деп атайды. Бұл әдеттен қалай құтылуға болады? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
Плюшкин синдромы – адамның қажетсіз заттарды шамадан тыс жинауға бейімделуімен сипатталатын психологиялық бұзылыс. Бұл синдромның бұлай аталу себебі орыс жазушысы Н.В. Гогольдің "Өлі жандар" шығармасынан алынған. Ондағы Плюшкин есімді кейіпкер өз үйінде пайдасыз заттарды жинап, үйін қоқыс алаңына айналдырады. Плюшкин синдромы қазіргі заманда да жиі кездесетін проблемаға айналып отыр.
Н.В. Гогольдің "Өлі жандар" шығармасындағы Плюшкин кейіпкері
"Плюшкин" синдромының белгілері қандай?
Плюшкин синдромының басты белгілері – адамның үйінде немесе басқа кеңістікте қажетсіз, тіпті жарамсыз заттарды жинауы. Міне, осы белгілерден синдромды байқауға болады:
Қажетсіз заттарды жинау: Ескі, сынған немесе маңыздылығын жоғалтқан заттарды лақтырып тастамай, сақтап қою.
Қажеттілікті сезіну: Адам әрбір заттың болашақта пайдалы болуы мүмкін екенін ойлап, оларды сақтау керек деп есептейді.
Кеңістіктің қоқысқа толуы: Үй немесе жұмыс орны қажетсіз заттармен толып, еркін қозғалу мүмкін болмай қалады.
Әлеуметтік оқшаулану: Үйі қоқыс алаңына айналған адам достарымен немесе туыстарымен байланысын үзеді.
Қиындықты мойындамау: Адамдар өздерінің мінез-құлқына сыни көзбен қарамай, оны қалыпты жағдай деп қабылдайды.
фото:pikabu.ru
Себеп пен салдар
Плюшкин синдромының пайда болу себептері әртүрлі болуы мүмкін және оларды бірнеше топқа бөлуге болады:
Біріншіден, психологиялық жарақаттар әсер етуі мүмкін. Мүмкін адамның өіміріне бұрынғы ауыр жағдайлар, жақын адамдарынан айырылуы, ауыр материалдық қиындықтары, соғыстан кейінгі кезеңдері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, балалық шақтағы жағдайлары да әсер етеді. Кейбір адамдар балалық шақта кедейліктен немесе заттардың жетіспеуінен зардап шексе, кейін олар әрбір нәрсені сақтауға бейімделуі мүмкін. Үшіншіден, тұрақсыздыққа деген қорқыныш. Келешекте қандай да бір заттар керек болып қалады деген уайым адамдарды оларды лақтырып тастауға мүмкіндік бермейді. Төртінші себеп, жасқа байланысты өзгерістер. Егде жастағы адамдардың арасында "плюшкин" синдромы жиі кездеседі. Олар өткен өміріне деген ностальгияны сезініп, ескі заттармен байланысты ұстап қалуға тырысады.
Ал аталмыш синдромның салдары адам өміріне физикалық, психологиялық әлеуметтік мәселе туындатуы мүмкін. Мәселен, үйдің қажетсіз заттарға толуы санитарлық жағдайларды нашарлатып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, шаң, микробтар мен көгеру аурулардың дамуына әкелуі мүмкін. Сәйкесінше, физикалық ахуал нашарлайды. "Плюшкин" синдромы бар адамдарда жиі күйзеліс, жалғыздық сезімі және өзін-өзі төмен бағалау байқалады. Сондай-ақ "плюшкин" синдромы бар адамдар басқалармен қарым-қатынастан қашып, өздерін оқшаулап алады. Бұл әлеуметтік ортадан алыстауға әкеледі.
фото:rdzabota.ru
Қалай құтылуға болады?
"Плюшкин" синдромы психологиялық бұзылыс болғандықтан, оның емдеу жолдары да кешенді түрде жүргізілуі қажет:
Психотерапия: Бұл синдромды емдеудің негізгі жолы – психотерапия. Терапевт адамға заттармен бөлінудің маңыздылығын түсіндіріп, өмір сапасын жақсарту үшін жаңа тәсілдерді үйретеді.
Когнитивті-бихевиоралды терапия: Бұл әдіс адамға қажетсіз заттарды жинауға деген теріс ойларын өзгертіп, іс-әрекеттерін бақылауға көмектеседі.
Отбасылық қолдау: Отбасы мүшелері мен жақындары адамның мұндай жағдайдан шығуына қолдау көрсетіп, оған қамқорлық танытуы керек.
Кеңістікті тазалау: Кәсіби мамандардың немесе көмекшілердің көмегімен үйдегі қажетсіз заттарды тастау және оны таза ұстауға көмектесу маңызды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Литпин