“Пластик терезе орнатамын“. Астанада ұры ізін суытпай ұсталды

Астанада пластик терезе орнатамын деп пәтерде ұрлық жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда тұрғынының пәтерінен зергерлік бұйымдар мен ойын приставкасы ұрланған. Полиция күдіктіні қолға түсірді.

"Күдікті пластик терезе орнатумен айналысатын кәсіпорында жұмыс істегені анықталды. Жәбірленуші танымал қосымша арқылы сол кәсіпорынға жүгінген. Алғашында жұмысшылар терезенің өлшемін алып, дайын болған кезде жәбірленушіге үйді босатуын сұрап, мүліктерді бір бөлмеге жинастырып қоюын өтінген. Пәтер иесі еш ойланбастан үйдің кілтін жұмысшыларға тастап, өзі үйден кетіп қалған", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыскер осы жағдайды пайдаланып, пәтерден ойын приставкасын және 5 алтын жүзікті алып, үйден еш қиындықсыз шығып кеткен.

Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Келтірілген жалпы шығынның көлемі - 500 мың теңге.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!