Президенттік жастар кадр резерві – Қазақстанда 2019 жылы іске қосылған мемлекеттік бағдарлама. Оның мақсаты – талантты және дарынды жастарды анықтап, олардың әлеуетін елдің дамуына бағыттау. Бұл резерв елдегі басқарушы және шешім қабылдаушы органдарда жаңа буын лидерлерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ал оның қазіргі қоғамда алар орны қандай? Әлеуметтанушымен бірге Massaget.kz тілшісі сараптады.
Бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды және еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық дамуына серпін беруді көздейді.
Президенттік жастар кадрлық резерві (ПЖКР) жобасы аясында үш мәрте іріктеу өткізілді. Қазіргі таңда ПЖКР құрамында әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 400 жас маман бар. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, резервтегі мамандардың 70%-ы орталық және атқарушы органдардағы маңызды қызметтерге орналастырылған. Жоба іске қосылғаннан бері жастардың жауапты лауазымдарда белсенділігі артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа әдістерді енгізіп, тың көзқарастардың қалыптасуына және инновациялық өзгерістердің жүзеге асуына ықпал етуі тиіс.
Әлеуметтанушы Дулат Өтеғали айта кеткендей, бұл мемлекеттік қызметті тізгіндеген жастарға таптырмас дүние.
Дулат Өтеғали
әлеуметтанушы
"Президенттік жастар кадр резерві – ел жастарына жаңа мүмкіндік ашатын маңызды әлеуметтік құрал. Бағдарлама арқылы жастар қоғамды өзгертетін шешімдер қабылдау процесіне қатысады. Бұл Қазақстанның басқару жүйесін жаңғыртуда және азаматтардың мемлекетті басқаруға деген сенімін арттыруда үлкен рөл атқарады. Ең маңыздысы – бұл жоба жастардың әлеуетін ашуға, олардың таланттарын пайдалы іске бағыттауға мүмкіндік береді. Алайда бағдарламаның ұзақ мерзімді тиімділігі жастарға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың жауапкершілігін арттыруға тәуелді" - дейді Дулат Өтеғали.
Оның айтуынша, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері арасында өз бастамаларын іске асырып, нәтижелі жұмыстары арқылы танылып жүргендер де бар. Солардың қатарында Инвесторларға арналған мақсатты алгоритмді әзірлеген Лейла Гимранова, пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны қайта құру мәселесін көтеріп жүрген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев, елімізді «2024 жылы саяхаттауға арналған 52 ел» тізімінде 25-орынға енгізуге ықпал еткен және New York Times-тың әлемдік туристік рейтингінде Қазақстанның атын шығарған Шырын Мусина, смартбордтар желісін дамытуға үлес қосқан Рауль Линд, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевты ерекше атап өтуге болады.
Президенттік жастар кадр резервіне 2019 жылы алғашқылардың бірі болып Мейір Алпысов кірген еді. Қазір ол Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінде жұмыс істейді.
"Президенттік жастар кадр резервіне іріктелу – мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бұл жоба өзімді кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамытуға, ел игілігі үшін маңызды жобаларға үлес қосуға жол ашты. Жауапкершілік пен сенім сезімі ерекше жігер берсе, жаңа таныстар мен тәжірибе қоржынымды байыта түсті. Бұл жоба мемлекеттік қызмет өтілі жоқ, бірақ бизнесте мол тәжірибе жинаған азаматтарды басқару органдарына жұмысқа тартуды мүмкін етті. Мен үшін де пайдасы көп болды. ПЖКР – елге қызмет еткісі келетін жастар үшін маңызды алаң. Егер сізде идеяңыз бен жігеріңіз болса бастамадан қалыс қалмаңыз!", - дейді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!