Пилоттық жобалар жемқорлықтың құралына айналған - депутат

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев пилоттық жобалар жемқорлықтың құралына айналып кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Анас Баққожаев депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Депутаттың айтуынша, кейінгі 4 жылда 104 пилоттық жоба іске асқан. Оларды қаржыландыруға 805 миллиард теңге жұмсалған.

"Ақпаратты зерделей келе пилоттық жобалардың көп бөлігі тиімсіз жасалғанын аңғардық. Сонда біз миллиардтаған ақша төлеп, пилоттық жобалардан не алдық?" - деді ол.

Депутат пилоттық жобаларға қатысты бірқатар факторды атады:

  • "Біріншіден, пилоттық жобаларды іске асыратын мемлекеттік органдар пилоттық жоба не екенін өздері де дұрыс түсінбейтін сияқты.

Мысалы, Қарағанды облысы ауылдық елді мекендерде медициналық көмек объектілерін салып, оны "пилоттық жоба" деп атаған. Оның аясында ешқандай тың көзқарас, я жаңа тәсілдер қолданбаған. Мұндай жоспарлы түрде атқарылатын жұмысты "пилоттық жоба" деп атаудың не қажеті бар?

Алматы облысында ауыл шаруашылығы техникасы мен асыл тұқымды малды жергілікті бюджеттің есебінен беріп, оны да "пилоттық жоба" деп таңбалаған. Оның шеңберінде баяғыдан бері барша жұртқа арман болған тауарлық кредит механизмін тексеріп көруге болар еді. Бірақ бұл "пилоттық жоба" да баяғыдан қалыптасқан әдіспен орындалған.

Осылайша, қаншама шенеунік пилоттық жобаның нақты не екенін білмей "адасып" жүр!

  • Екіншіден, пилоттық жобалардың аты аталған нақты жауапты жетекшілері жоқ. Әдетте пилоттық жоба уәкілетті органдардың басшыларына тапсырылады. Кейін олар жұмыстан кетіп, қызметін ауыстырғанда пилоттық жобаға деген көзқарас мүлдем өзгереді (нашарлайды). Ең сорақысы - жиналған ақпарат та, одан алған тәжірибе де айдалада қалады.
  • Үшіншіден, өңірлерде пилоттық жобалардың оң тәжірибесі республика деңгейінде таралмай жатыр.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба аясында ауылдық елді мекендерге телемедициналық қызмет көрсетілген. Нәтижесінде, телемедицинаның өте тиімді екені дәлелденді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы айтпай, үнсіз отыр. Оны кеңінен тарату жөнінде жоспары жоқ. Қысқасы, идея туды, өңірде жақсы нәтиже берді, кейін министрлікке оралғанда қайтадан "өлді"!

Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің осыдан 10 жыл бұрын іске асырған модельдік фермалар бойынша пилоттық жобасы ойға оралады. Министрлік бюджеттің миллиардтаған ақшасына құрал-жабдық сатып алып, өздерінің "ауыз жаласқан" шаруашылықтарына тегін таратып берді де қойды. Нәтиже - нөл!

  • Төртіншіден, пилоттық жобалар заңсыз әрекет істеудің "заңды" жолына айналды.

Өнеркәсіп министрлігіндегі бір қызық жағдайға тоқталсақ. Өзіңізге мәлім, биыл  мемлекеттік сатып алу заңына "EPC контракт" ұғымы енгізілді. Ал Астана қаласында, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында заң шықпай жатып, "EPC контракт" форматымен құрылыс жүргізілген. Ондағы пилоттық жобалардың мақсаты мемлекеттік сатып алу конкурсы мен бюджеттік процедураларды жеңілдету болатын. Демек, бұл жаңа тәсіл пилоттық жоба аясында 1, ары кеткенде 2 нысан салу арқылы тексерілуі керек еді. Олар болса, керісінше, құны 13,4 млрд теңгелік бақандай 7 әлеуметтік нысан салған! Яғни коррупциялық элемент болмады деп айту қиын.

Мұндағы таңғаларлық жағдай: олар "EPC контракт" тиімсіз деп қорытынды шығарған. Ал біз оны, керісінше, тиімді деп мемлекеттік сатып алу заңы аясында енгізіп қойдық. Сонда не болғаны?

Мемлекеттік органдар "пилоттық жоба" деген жап-жақсы механизмді ақша игерудің өздеріне ыңғайлы, тіпті коррупцияның құралына айналдырған!" - деді ол.

Депутат пилоттық жобаларға қатысты ұсыныс жасады: 

1. Пилоттық жобалардың форматын және оған қойылатын талаптарды түбегейлі өзгерту керек. Олар апробациядан өтіп жатқан салаға қатысы бар басқа да салаларды толығымен қамтып, кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Әр пилоттық жобаның әсерін тек қысқамерзімде емес, ұзақ уақыт бойы зерттеп, бақылау қажет. Пилоттық жобалардың нақты жетекшілері болғаны абзал. Олар жобаны басынан аяғына дейін орындап, нәтижесі үшін дербес жауапкершілік алғаны жөн.

2. Пилоттық жобалар шенеуніктердің ойына келген жерінде емес, Қазақстанның бір ғана аймағында жүзеге асырылуы керек және ол Астана қаласының маңында болғаны жөн деп есептейміз. Өйткені мемлекеттік органдарға пилоттық жобаны басынан аяғына дейін бақылап, оны іске асыру барысында тиісті қолдау көрсетіп отыру үшін ыңғайлы болуы керек. Мысалы, іргемізде жатқан Қосшы қаласы бұл критерийлерге толығымен сай келіп тұр. Бұл елді мекеннің қалаға да, ауылға да қатысты пилоттық жобаларды іске асыруға мүмкіндігі бар.

Жапония өзінің интенсивті даму кезеңінде пилоттық жобаларға бір ғана аймақты белгілеген. Соның арқасында барлық жаңа идеяны кешенді әрі тұрақты түрде тексерген. Мұндай тәжірибе көптеген мемлекеттерде бар. Солардың жолымен жүруіміз қажет.

3. Пилоттық жобалар министрлер мен әкімдердің бұйрығымен емес, одан да жоғары деңгейде, яғни Үкіметтің қаулысымен бекітілуге тиіс.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!