Петропавл тұрғыны жалдамалы пәтерде бірге тұратын зейнеткердің атына несие рәсімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаңтар айында 69 жастағы петропавлдық полицияға жүгінген. Қолына зейнетақысының жартысын ғана алған қария есепшотындағы ақшасы екі несиенің жабылуына жұмсалғанын байқаған. Жедел уәкілдер күдіктіні тез арада анықтады. Ол облыс аудандарының бірінің 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жігіт зейнеткермен бірге пәтер жалдап тұрған. Қарт адамның сеніміне кіріп, телефонындағы банктік қосымшасын пайдаланған. 2022 жылдың желтоқсан айында жалпы сомасы 300 мың теңге болатын екі несие ресімдеген.
Ұсталғанның айтуынша, шұғыл түрде ақша қажет болған. Жақын арада қайтарып беруді жоспарлаған. Бірақ ойлағаны іске аспады. Екі несиеден түскен ақшаны толығымен букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсаған. Сот отырысы болғанға дейін жас жігіт қажетті соманы тауып алып, келтірген шығынды өтеді. Сәуір айында сот оның бас бостандығын 3 жыл 6 айға шектеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз