- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Петропавлдық ер адамның...
Петропавлдық ер адамның жүрегі антибиотик инъекциясынан кейін 20 минутқа тоқтап қалды
Петропавлда антибиотик инъекциясынан кейінгі анафилактикалық шоктан ер адамның жүрегі тоқтап қалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы жедел медициналық жәрдем орталығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 50 жастағы ер адамның жағдайы "Цефазолин" инъекциясынан кейін нашарлаған.
"Шақырту орнына Жұлдызбек Серіков пен жүргізуші-фельдшер Рустам Қожахметов бастаған фельдшерлік бригада жетті. Тексеру кезінде пациенттің жағдайы тұрақсыз, гемодинамикаға байланысты ауыр болды. Көмек көрсету кезінде көліктегі мониторда асистолиямен қан айналымы тоқтап қалды", – деді орталықтың баспасөз қызметі.
Бригада бірден реанимациялық шараларды бастаған. Медициналық мекеменің хабарлауынша, фельдшер кеуде қуысына массаж бен кеңірдек маскасы арқылы механикалық желдетуді жүргізіп, адреналин инъекциясын жасап, сұйықтықпен емдеген.
"20 минуттық реанимациялық шаралардан кейін қан айналымы қалпына келді. Реанимациядан кейінгі іс-шаралар жасалды. Вазопрессорлық және желдеткіші бар науқас көпсалалы қалалық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, стационарда бақылауда", – деп хабарлады жедел медициналық жәрдем орталығы.
Медициналық мекеме пациенттер мен олардың туыстары бактерияға қарсы препараттарды бақылаусыз қолдану анафилактикалық шокқа және қан айналымының тоқтауына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан