- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Петропавлдағы өрт: екі...
Петропавлдағы өрт: екі баласымен жанып кеткен әйел перзенттерін соңына дейін құтқарып қалуға тырысқан
Петропавлда үй өртеніп, екі кішкентай бала анасымен бірге тірідей жанып кетті. Ажалмен арпалысқан 20 жастағы келіншек өмірінің соңына дейін балаларын құтқарып қалуға тырысқан екен. Келіншекті бір жарым жасар қызы және бес жасар ұлымен бірге өртенген үйдің есігінің жанынан тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Петропавл шетінде болған қайғылы оқиғаны естіген жұрт жағасын ұстады. Өрттің қатты жанғаны сонша, қызыл жалын қаланың екінші шетінен көрінген. Көршілерінің айтуынша, кіреберіс бөлмеде тұтанған от бірден күш алып, баспананы күлге айналдырған. Ақыры екі бүлдіршін анасымен бірге көз жұмды.
"Терезеден секіріп түсіп, іште балаларым мен әйелім қалды деп айғай салды. Тұра жүгірдім, дем алу мүмкін емес еді. Өрт сөндірушілер тез жетті. Бірақ құтқарып қала алмады. Жапжақсы отбасы болатын. Аналары жұмыс істейтін. Бәлендей, проблемасы жоқ еді. Бұрыннан танушы едім, амандасып жүретін", - дейді көршісі Юрий Сухарев.
Көршілерінің айтуынша, бұл үйге 80 жылдай болған. Өте ескі. Әжелерінен мұраға қалған екен. Бес адам тұрып жатқан. Үй иесінің анасы сол күні жұмыста болыпты. Өрт сөндірушілер хабар жеткен соң-ақ бес минутта келген. Бірақ екі баласымен далаға ұмытылған ананы құтқара алмапты.
Өрттен аман шыққан үй иесі мен жұмыста болған оның анасына жергілікті әкімдік көмек береміз деп отыр.
"Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне , уақытша жалдамалы пәтерге және басқа да қажеттіліктерге арнайы қаржы бөлінетін болады. Бұл жерге облыс басшылығы, қала басшылығы кеше түнде келді. Қаза тапқандардың туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз", - деді Петропавл әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.
Өрт-техникалық, медициналық сараптама дайын болғаннан кейін ғана адам өмірін жалмаған өрттің шығу себебі анықталады. Ұшқын әбден ескірген электр сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан