- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Петропавлда зейнеткерді өлтірген...
Петропавлда зейнеткерді өлтірген шенеунік 11 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстан облысы статистика департаментінің 28 жастағы қызметкері өзі пәтер жалдап тұрған зейнеткерді аяусыз өлтірген. Ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Неделя" сайтына сілтеме жасап.
Михаил Малеев Солтүстік Қазақстан облысы статистика департаментінің маманы болып жұмыс істеген. Ол әйелімен бірге Петропавлда 64 жастағы зейнеткердің пәтерін жалдап тұрған. 25 мамырда ер адам зейнеткерге төлем төлеу уақытын кейінге шегере тұруды сұраған. Бірақ алда-жалда бас тартса деген оймен өзімен бірге пышақ жасырып ала келген.
"Өз ұсынысын қабыл алмаған соң ер адам пышақты алып, аса қатыгездікпен зейнеткердің кеудесіне, қарын және желке тұсына бірнеше рет соққы береді. Сілтелген пышақ әбден бүлінген соң сотталушы ас үйден басқа пышақты алып келіп, алдындағы әрекетін жалғастырады", – делінген хабарламада.
Осыдан кейін ер адам жәбірленушінің басын аяғымен теуіп, үйге алкоголь шашып, өртеп жібереді. Өзі қашып кетеді.
"Жәбірленуші оқиға орнында жан тапсырды. Сарапшылар қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі өкпе мен бауырдың зақымдануы, кеуде мен қарынның бірнеше жерден тесілуі, көп қан жоғалту, сондай-ақ ашық ми жарақаты, бас сүйектің сынуы", делінген іс материалдарында.
Өткен жылдың қазан айында 28 жастағы Малеев сот алдында жауап берді. Процесс барысында сотталушы кінәсін мойындап, бірақ аффект жағдайында зейнеткерді өлтіріп алғанын айтты.
Болжам бойынша, әйел оны әбден қорлап, ашу-ызасына тиген. Бірақ сот мұндай айғақтарды ескерген жоқ. Прокурор Михаил Малеевке 17 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады, ҚР ҚК-нің 99-бабына сәйкес, оның әрекеттері "ерекше қатыгездікпен өлтіру" санатына жатқызылды.
Сот Малеевті 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы