Петропавлда үш жасар баланың көзіне пышақ кіріп кетті: тың деректер

Петропавлда үш жасар баланың көзіне пышақ кіріп кетті: тың деректер
Фото: КТК

Петропавлда үш жасар баланың көзіне пышақ кіріп кетуіне байланысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

19 желтоқсанда көпсалалы облыстық балалар ауруханасына үш жасар бала сол жақ көзіндегі жарақатпен өте ауыр жағдайда жеткізілді.

Баланың анасы дәрігерлерге ұлының асүйде орындықтан құлап, көзіне пышақ кіріп кеткенін айтты. Әйел пышақты баланың көзінен алып шыққан кезде қан кетіп, бала есінен тана бастаған.

Полицейлер барлық мән-жайды анықтау үшін тексеру жүргізіп, сотқа дейінгі тергеу бастады.

"Осы оқиға бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Аймақтың денсаулық сақтау басқармасы Tengrinews.kz-ке баланың әлі де ауыр жағдайда екенін мәлімдеді.

"Жағдайы өзгеріссіз", - деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Еске салайық, Петропавлда көзіне пышақ кіріп кеткен үш жасар сәбидің жағдайы ауыр екенін хабарлаған едік. Дәрігерлер ауруханаға дереу жеткізілген баланы аман алып қалу үшін бар күшін салып жатыр. 

"Жағдайы ауыр. Жедел түрде жансақтау бөлімшесіне орналастырылды. Қажетті барлық емдеу жүргізілді. Дәрігерлер консилиум жасап, КТК жасалынып, мамандармен келісім жасап, операцияға көрсеткіші жоқ. Бүгінгі таңда алты сағат сайын нейрохирургтар мен офтальмологтардан консультация алып жатырмыз. Бүкіл қажет ем-шара жүргізіледі", - Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.

Ойын баласы асүйде жүріп пышаққа құлапты. Осы сәтте жанында анасы да болған. Бірден жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізгенше, сәбидің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, баланың көзі зақымданбаған. Пышақ жанарының үстінен өтіп, миының ортасына дейін жеткен. Қазір сәбидің өмірі үшін арпалысып жатқан дәрігерлер болашақта бұл жарақатының денсаулыққа қандай әсері болатынын айта алмады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина