Петропавлда үш ер адам тұрғынды қарумен қорқытып, ақша бопсалаған

42 жастағы қала тұрғынын қорқытып, 1 миллион теңге ақша бопсалаған үш петропавлдыққа шығарылған үкім 8 қаңтар күні заңды күшіне енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қылмысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2024 жылы көктемде, табиғи апатқа байланысты өңірде төтенше жағдай жарияланған кезеңде әшкереледі.

Полиция қызметкерлері 29 жастағы екі петропавлдықты және бұрын бұзақылық пен тонау қылмысы үшін істі болған 31 жастағы бұзақыны ұстады. Тәртіп сақшылары анықтағандай, жәбірленушіні күдіктінің бірі таңдаған. Өйткені бір кездері олардың араларында дау-жанжал болған.

Қылмыскерлер жәбірленуші ер адамнан ақшаны әуелі бірінші рет наурыз айында талап еткен. Сол уақытта оны соққының астына алған. Кейін сәуір айында оның автокөлігін дөңгелек жинақтау пунктінде байқап қалып, тағы да ақша талап ете бастаған. Ер адам қаша жөнелгенде, олар соңынан қуып, қылмыскерлердің бірі оның соңынан газды тапаншадан бірнеше рет оқ атқан.

Сот шешімімен үшеуі де қару қолдану арқылы қорқытып алуды және бұзақылықты жасағаны үшін олар кінәлі деп танылды. Сот олардың әрқайсысын 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!