Петропавл су құбырындағы ірі апатқа байланысты тұрғындар бір жарым айда үшінші рет сусыз қалды, - деп хабарлайды Петропавловск.news.
Қала әкімі Руслан Анбаевтың айтуынша, 12 желтоқсанға қараған түні 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 миллиметр болатын суық сумен жабдықтау құбыры жарылған.
"Жарылған орын табылды. Қазір "Қызылжар су" ЖШС апатты жою бойынша жұмыс істеп жатыр. Мамандандырылған техниканың кедергісіз өтуі үшін Пестрой көлі жағынан қалаға кіру уақытша тоқтатылды", - деді Анбаев әлеуметтік желілердегі парақшасында.
Әкімнің айтуынша, қазір қала бойынша сумен жабдықтау қысымы қалпына келтіріліп жатыр.
Ол сумен жабдықтау қалпына келтірілгенге дейін тұрғындарға су жеткізу ұйымдастырылатынын атап өтті. Қала басшысы бұл мәселені жеке бақылауда ұстауға уәде берді.
Айта кетейік, кейінгі бір жарым айда бұл - Петропавл су құбырларындағы үшінші ірі апат. Біріншісі 6 қарашада Жұмабаев көшесіндегі су құбырында болды. Бір тәулікке жуық уақыт 14 көпқабатты үй сусыз қалды. Сол су құбырындағы екінші апат 1 желтоқсанда болды. Бір тәулікке жуық 9 көпқабатты үйде және нан комбинатында су болған жоқ. Бірнеше сағат ішінде қысым төмендеуіне байланысты су жеткізудегі ақауды петропавлдықтар қаланың барлық дерлік ауданында сезінді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!