Петропавлда психикалық денсаулық орталығының есебіне алынған ер адам қала көшелерінде автобус жүргізіп келген. Бұл Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының тексерісі кезінде анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pkzsk.info-ға сілтеме жасап.
Бүгін облыстың қадағалау органы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді.
Жиында былтыр мен биылғы 9 айдағы өңірдегі жол апаты мен жарақаттануды азайту бойынша уәкілетті органдардың жұмысы қорытындыланды.
Кеңес барысында СҚО-да жол-көлік оқиғалары саны - 17,5 пайыз, ал зардап шеккен адамдар саны - 16,8 пайыз өскені атап өтілді.
"Жол қозғалысына қатысушылар тәртібінің төмендігі, уәкілетті органдар тарапынан заңмен қарастырылған шараларды қабылдамау жол апатының негізгі себептері болып отыр. Тексеріс барысында жол қозғалысы саласындағы заңнама талаптарын жүйелі бұзу деректері анықталды. Жергілікті атқарушы органдар "Жол қозғалысы туралы" ҚР Заңының 24-бабының талаптарына қарамастан, полиция органдарының 79 жазбаша нұсқамасы бойынша оларды жою бойынша шара қабылдамаған", - делінген прокуратураның хабарламасында.
Мәселен, күн сайын 6 мыңнан асa бала баратын өңірдегі 83 білім мекемесінің маңында тиісті жол белгілері болмаған.
Медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша көлік жүргізуге тыйым салынған 138 адамның жүргізуші куәлігі болған. Қазңр олардың көлік басқару құқығын тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Облыс орталығында маршруттық автобустың жүргізушісі биыл 2 мамырдан бастап психикалық денсаулық орталығында есепке алынған, соған қарамастан автобусты басқарды, осылайша қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді", - дейді прокуратура қызметкерлері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!