- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Петропавлда өрттен үйсіз...
Петропавлда өрттен үйсіз қалғандар баспаналы болады
Петропавлда өрттен үйсіз қалған тұрғындар баспаналы болады. Әзірге олар мектепке жайғастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Эвакуациялық пункте баспанасыз қалған 20-дан аса адам бар. Оларға барлық жағынан көмек көрсетіліп жатыр. Төсек-орын, азық-түлік, керек жарақтың бәрі жеткізілді. Мамандар қазір шығын көлемін есептеуге кірісіп кетті.
Кеше кешке қалада қамыс жанып, 9 үй өртеніп кеткен болатын. Тілсіз жаумен күресуге 140 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында әскерилер, теміржолшылар мен коммуналдық ұйым жұмысшылары да бар.
Сондай-ақ, зардап шеккен тұрғындармен облыс әкімі Айдарбек Сапаров кездесті.
"Екі - үш күн олар осы эвакуациялық пункті паналайды. Кейін уақытша баспанамен қамтылады. Тұрақты баспана мәселесін шешу бойынша арнайы комиссия құрылды. Мәселе міндетті түрде шешіледі", - дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Айта кетейік, сағат 21:55-те өрт ауыздықталды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда өрт шығып, 40 адам эвакуацияланғаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова