Петропавлда оқушыларды сабақ үстінде сылақ басып қалған

Петропавлда сабақ үстінде сылақ басып қалған оқушылар ауруханада жатыр. Оқыс жағдай осыдан төрт жыл бұрын ғана салынған жаңа мектепте болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"Оқушылар математика сабағында отырған. Зардап шеккен үш бала бірден жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ата-аналарына айтылды. Олармен үнемі байланыстамыз, қодан келген көмекті беріп жатырмыз", - дейді Петропавл білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева.

Төтенше жағдай Жас өркен ауданында ашылған орта білім беретін № 6 мектепте болған. Төбедегі сылақ артқы партада, терезе жақта отырған балалардың басына түскен. Санаулы секундта болғандықтан, олар қашып үлгермепті. Енді мұның себебін құрамында Төтенше жағдайлар департаменті, құрылыс саласының мамандары және ата-аналардан құралған комиссия анықтайды.

Сылақ құлаған оқушыларға алғашында миы шайқалды деген диагнозы қойылған. Үшеуі де ауруханада. Дәрігерлер олардың жағдайы жақсы екенін жеткізді.

"Миы шайқалды деген диагноз расталмады. Бір баланың арқасы сырылған. Екіншісінде де соған ұқсас. Үшіншісінің бас терісінің жеңіл жарақаты бар. Дәрігерлердің қарауында болу үшін ауруханаға жатқыздық. Шағымдары жоқ", - деді СҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассман.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!